Маманның сөзінше, соңғы жылдары сөйлеуі кешеуілдеген балалар саны күрт көбейген.
– Соңғы 5-6 жыл көлемінде балалардың сөйлеуінің кешігуі күрт өсіп кетті. Мен 2009 жылдары жұмысымды алғаш бастап жатқан уақытта сөйлеуі кешеуілдеген балалар өте аз болатын. Ол кезде көбіне дыбысты түзету үшін көмек сұрап келетін. Қазір статистиканың өзі қорқынышты. Тек сөйлеу емес, қазір аутизм диагнозы да белең алып бара жатыр. Мысалы, 2025 жылғы статистика бойынша 13 мың бала осы диагнозбен тіркеліп тұр. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш 5 есе көбейген. Бұл тек тіркелгендері ғана. Ал есепке алынбағандары қаншама, - дейді Шолпан Аянғали Jibek joly арнасының “Бүгін LIVE” бағдарламасына берген сұхбатында.
Маман бала дамуына кері әсер ететін негізгі факторлардың бірі смартфон екенін атап өтті.
– Ең негізгі тежеуіш фактор – балалардың смартфонды жиі көруі. Жалпы балаға телефонды пайдалануға 5 жастан бастап қана рұқсат етіледі. Бұл баланың нейрожүйесінің дамуы үшін маңызды. Смартфондағы шумдық фон баланың сөйлеу қабілетінің дамуын тежейді, - деді ассоциация төрағасы.
Сондай-ақ ол логопедиялық қызметке сұраныстың айтарлықтай артқанын жеткізді.
– Қазір байқасаңыздар әр тұрғын үйдің астында сөйлеуді дамыту орталықтары көптеп ашылып жатыр. Себебі бұл қызметке сұраныс көп. Біздің мемлекеттік мекеменің өзінде 600-ден астам бала кезек күтіп тұр. Ал олардың жарты не бір жылдан соң ғана кезегі келеді, - деді Шолпан Аянғали.
Маманның айтуынша, баланың сөйлеу дағдысы туған сәттен бастап қалыптаса бастайды.
– Әр баланың дамуы әртүрлі болғанымен, барлығында онтогенез үдерісі бірдей жүреді. Бала туғаннан бастап сөйлеуге бейімделе бастайды. Сөйлеу дегеніміз — баланың туа сала анасының дауысына реакция танытуы. 6 ай мен 9 ай арасында бала “ма-ма-ма”, “ба-ба-ба” деген бір буынды сөздерді қайталауды үйрену керек. Ал 1-1,5 жас аралығында бала 10 сөзді айта алу керек. 2 жастан 3 жасқа дейінгі балаларда 200 сөздік қоры болуы қажет, - деді ол.
Сонымен қатар ол ата-аналар баланың түсіну қабілетіне ерекше мән беруі қажет екенін айтты.
– Сөйлеу ең бірінші түсініктен басталады. Түсінігі жоқ бала сөйлемейді. Ал өзінің атын атағанда ешқандай реакция танытпайтын 1 жастағы баланы дереу қарату керек. Одан бөлек бала “мынаны ал”, “қолымнан ұста” деген сынды нұсқауларды орындай алу керек әрі дене мүшелерін көрсете білу қажет. Егер осы ойлау қабілеттері қалыптасқан соң баланың сөйлеу қабілеті де дамиды деген сөз, - деді ҚР дефектолог-логопедтер ассоциациясының төрағасы Шолпан Аянғали.
Сондай-ақ ол ата-аналарды уақыт оздырмай маманға жүгінуге шақырды.
– Қазір бізге сөйлеуінен бұрын түсінігі тежелген балалар жиі келеді. Адамдар соған қарап баламда аутизм бар деп шошиды. Түсініктің тежелуі аутизм емес. Бұл баланың нейрожүйесінің дамуымен байланысты. Жұмысты уақытында бастар болса, нәтижесін де жылдам көреді. Ал өзі сөйлеп кетеді деп жүре беретін болсақ, 6 жаста ол балаға диагноз қойылуы мүмкін, - деді маман.
Еске сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды облыстарында ерекше мұқтаждығы бар балалар өзіне тиесілі орта білімді дұрыс ала алмай отырғанын сынады.