Сонымен бірге, әрине, басты мақсат - Лондон және Сочи олимпиадаларында ел намысын қорғап, олжа сала алатын спортшыларды даярлау. Батыс қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мүсілім Оңдағанов өз ой-толғамымен осылайша білдірді.
Астана мен Алматыда ұланасыр салтанатпен аяқталған 7-қысқы Азия ойындарына Батыс Қазақстаннан 26 спортшы қатысты. Құр қатысып қана қоймай бір алтын, қос қола медальді қанжығаларына байлап келді. Азиада чемпионы атанған допты хоккейшілеріміз спорттың осы түрінен ел намысын қорғап жүрген Қазақстандағы жалғыз команда. Дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасы Ресей мен Швецияға ғана есе жіберіп, Финляндиямен итжығыс түсіп жүр.
Екі қоланы еншілеген шорт-тректен Қазақстан құрамасының тоқсан пайызын оралдықтар құрап отыр. Мүсілім Оңдағанов ы өз ісіне шын берілген жанкешті жаттықтырушы Мәдіғали Қарсыбековтың еңбегін айрықша бағалайды.
-Олимпиададан бастап әлем чемпионаттарына дейінгі байрақты бәсекелердің талайына куә болған едім, - деп сабақтады сөзін М. Оңдағанов, - бірақ, Астанадағы Азия ойындарының ашылу салтанаты мені ерекше таңқалдырды. Мені ғана емес келген барлық қонақтарды да сүйсінтті. Тамаша ұйымдастырылған салтанаттан кейін тартысты жарыс күндері басталғанда командамен бірге жүрдім. Допты хоккейден сөзсіз мықтымыз. Сочи олимпиадасы бағдарламасына допты хоккей кіргізілетін болса қола жүлдеге таласудан үмітіміз бар. Менің ерекше айтқым келетіні шорт-тректің табысы. Жапония, Корея, Қытай үштігі Азияда ғана емес, әлемде мықты. Солармен тең дәрежеде күш сынасып, жүлдегер атанудың өзі ерлік. Бір сөзбен айтқанда медальдің дәмін таттық, тәбетіміз оянды. Күні кеше ғана жасөспірімдер Италиядағы әлем чемпионатында төртінші орынға табан тіреді. Онда да бірінші келе жатып бір спортшымыз құлап қалғандықтан жүлдеден тыс қалдық. Осылардың барлығы - біз ұстанған бағыттың дұрыс екендігін көрсетеді. Спорт - лотерея билеті емес, мұнда кездейсоқ ұтыс жоқ. Бірден шебер спортшыны әзірлеу мүмкін емес, бәріне уақыт керек, қолдау керек. Бақытымызға орай бізде уақыт та, қолдау да жеткілікті. Облыс басшысы қаржы қаражат мәселесін шешіп берді. Спортшылардың рухын көтеріп тастады. Облыстық мәслихат депутаттарына да үлкен алғысымды білдіргім келеді. Облыс әкімінің және депутаттардың қолдауы арқасында биыл Оралда теннис корты салынады, дене шынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы жүреді, спортқа дарынды балаларға арналған мектеп интернаттың ғимаратына күрделі жөндеу жасалады.
Айта кету керек, Бейжің олимпиадасы Қазақстан қоржынын кезекті медальдармен молайтты. Ішінде Батыс Қазақстан атынан сынға түскен, бұрынғы ресейлік балуан Таймұраз Тигиев алған бір күміс те бар. Уақытында бұл жүлдеге шын жүректен қуанғандар да, «спортшыны шеттен шақыру қаншалықты қажет болды» деп қомсынғандар да кездесті. Әрине, әркімнің өз пікірін білдіруге құқы бар. Дегенмен, әлемдік спорттағы мына бір үрдісті жоққа шығарудың жөні болмас. Соңғы бірнеше олимпиаданың балуандар бәсекесі негізінен Қап тауының өкілдері арасында өтіп жүр. Көршіміз Ресейдің ұлттық құрамасында қазір бірде бір орыс жоқ, соған қарап олар осетиндер мен дағыстандарды өзекке теуіп жатыр деуге келмейді. Сол қапқаздықтармен бірге жаттығып, сыралғы болған орыс балуандарының Лондон кілемінде бой көрсетпесіне кім кепіл. Зілтемір көтеруден Олимпиаданың үш дүркін чемпионы, Түркияның қаһарманы Наим Сүлейменоғлының ұлты болгар. Болгар Сүлейменоғлының Түркия үшін шелектеп төккен терін көрген түрік ұланы Халил Мутлу артынша олимп шыңын бағындырды. Кешегі Бейжіңде Қытай сапында рингке шығып, қола жүлдені жұлып әкеткен өз қандасымыз Қанат Ісләмді қайда қоясыз. Миллиардтан астам қытай сенім артқан он бір оғланның ішінде қазақ жігіті болғанын неге мақтанышпен айтпаймыз! Аждаһаны ауыздықтаған қас батыр әне сол емес пе! Яғни, додаға тек дүлділдер қосылуы керек. Демек, спорт та саясаттың бір құралы.
Тигиевтің тегеурінін әлем көрді. Шақырсақ тек ең мықтыны шақырдық, өзімізде жоқты шақырдық. Шын жүйріктің жеңісін көзбен көрген інілеріміз бен қарындастарымыз спортқа қызығып, көптеп келсе дедік. Қазір, Құдайға шүкір, мақсатымызға толық жетпегенмен, бір табан жақынбыз деп айта аламын. Грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев бауырымыз ұлттық құраманың белді балуанына айналды. Бокстан Оралдың түлектері, кеше ғана бірі Қазақстан чемпионы атанған, екіншісі күміс жүлдегер болған ағайынды Данияр және Дәурен Елеусіновтерге сенім артамын. Енді шеттен білікті бапкерлер шақыруым мүмкін, мысалы, қазір мәнерлеп сырғанау спортынан мәскеулік бапкерлермен келіссөздер жүруде. Бірақ нақты айтатыным, шеттен спортшы шақырмаймын. Өзіміздің жергілікті спортшыларды тәрбиелейтін боламыз. Бейжіңге жеті адам барса, Лондон олимпиадасына да содан кем түспеуіміз керек. Күміс жүлде - басты нысана, бірақ алтын алсақ, «ренжи» қоймасымыз анық».
Атап өтерлігі, Лондонға әзірлік бүгіннен басталған. Дәурен мен Данияр Астанада, бапкерлердің көз алдында жүр. «Зейнетке» шыққандай көрінген садақ ату шебері Елена Плотникова қорамсаққа қайта қол салыпты. Еленаның сенімді серігі Анастасия Баннова да бабында. Ескек есуден Азия ойындарының жүлдегері Алексей Дергунов бар, жергілікті қыздар боксының қарқыны да жаман емес. Бұған бір жағынан соңғы жылдары өңірде бұқаралық спорттың қанат жая дамуы себеп болғаны сөзсіз. Қазақстан Республикасының биылғы жазғы спартакиадасына Батыс Қазақстан облысы өз тарихында тұңғыш рет спорттың 45 түрінен қатысады. Бұйырса, сәуір айының соңына таман Оралда бокстан үлкен халықаралық турнир өтпек. Оған Ресей мен Кубадан былғары қолғап шеберлері қатысады деп күтілуде. Футболдан Оралдың «Ақжайық» командасы биылғы маусымда премьер-лига жолдамасы үшін күреспек. Бас бапкері - Андрей Чернышов. Легионерден қалғаны Гок Хабиб, басқалары бақытын өзге клубтардан іздеп кеткен.
«Өткен жылы Саки Мозес, Виктор Комленок секілді шебер ойыншылармен тізе қосып ойнаған жергілікті жігіттердің буындары қатайып, бұғаналары бекіді. Сондықтан, премьер лига жолдамасы біз үшін арман емес, мақсат. Қорыта айтқанда, міндет айқын, тапсырма түсінікті. Ойға алған орындалса, жаңа жеңістердің төбесі көрініп тұр», - деп түйіндеді ойын М.Оңдағанов.