Louis Vuitton шақыртуын алған Айнұр Полатова: Кейбір ағаларымыз ұлттық ойындарды патенттеп алған

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Talapai» жобасының негізін қалаушы Айнұр Полатова қазақтың ұлттық ойындарын жаңа дизайнмен насихаттап жүр. Әсіресе, оның Бесасық, Құмар, Бестемше, Тоғызқұмалақ сынды үстел ойындары көпшіліктің көңілінен шыққан. Ал, киіз үй үлгісінде сөмке жасау идеясын әлемдік Louis Vuitton бренді қолдап отыр. Жақында 22 жастағы Айнұр Полатова SOZ жобасындағы «Талқы» подкастының алғашқы қонағы болған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: SOZ жобасы

«Талқы» подкасты негізінен түрлі салалардағы жетістікке жеткен азаматтармен әңгіме-дүкенге арналған. Онда қонақтың өмір жолынан бастап қызықты жобалары, бастамалары мен идеялары туралы да сөз болады.

Айнұр Полатова әңгімесінде студент кезіндегі өмірін өзгерткен оқиға туралы айтып, өзгерістерге, идеяларға жол ашқан осы кезеңді ерекше еске алады. Сондай идеялардың бірі – қазақтың төл ойыны, соның ішінде тоғызқұмалақ. Спикер антикафелерде жиі болатынына, онда үстел үстінде бірыңғай шетелдік ойындар ойналатынына назар аударған.

Қазақта да үстел ойындары жоқ емес, бар. Оның ішінде тоғызқұмалақты бәріміз білеміз, бірақ бала кезден көріп келе жатқан тоғызқұмалақтың сырты көк пластик, тастары да ұсынатындай күйде емес, оған жастар қызықпайды. Телефонға телміру деген үлкен мәселе тағы бар. Сондықтан, өзім сияқты жастардың назарын аударатындай, қазақтың ұлттық ойындарын жаңаша бағытта шығарам деген ой туды. Ханталапай ойыны басталарда айтылатын «Талапай-ау, талапай, табылды ойын алақай!» деген екі жол өлең бар. «Талапай» сөзінің түпкі этимологиясы – бір нәрсені бөліске салып алу. Жобамды «Talapai» деп атауымның сыры осы, мен осы ойындарды іздеп таптым, енді соны халқым таласып-тармасып алып кетсе екен деген ниетім болды

, - деді ол.


Оның айтуынша, Қазақстанда ойын индустриясы босап тұр. Әсіресе, нарықта қазақ ойындарын шығаратын бірде-бір бренд болмады.

Күн сайын түрлі мемлекеттік органдарға, дүкен желілеріне хат жазатынмын. Әрине, бастапқыда ешкім көңіл бөліп қарамады. Сонда Dior, Louis Vuitton, Prada сынды шетелдік компанияларға да хат жібере бастадым. Әсіресе, Louis Vuitton сол айда Швейцарияда киіз үй формасында дүкен ашқан еді, «Менің ұлттық ойыным киіз үйге ұқсайды, неге екеуін байланыстырып, сөмке жасамасқа?» деп хат жолдадым. Екі аптадан соң жауап келді, «Иә, бізге сіздің ұсыныңыз қызық, бірге жұмыс істеп көрейік» деп жазылған. Бірақ мен сенбедім, бәріне жаппай жіберетін формалды хат болып көрінді. Кейін шақырту рас болып шықты, жуырда Louis Vuitton компаниясына баруды жоспарлап отырмын. Киіз үй түріндегі сөмке жасау, келісімшарт сынды мәселелердің барлығы сол кездесуде шешіледі

, - дейді Айнұр.

Қазіргі уақытта «Talapai» жобасы аясында «Тоғызқұмалақ», «Бесасық», «Құмар», «Бестемше», «Тұмар» атты бес ойын шығарылған.

Мәселен, асық ойынының 30-50 шақты түрі бар, қаншама нәрсе жасауға болады. Бірақ мен бастапқыда үстел ойындарын іздедім. Жеті ойын тауып, соның бесеуін шығардық. Қазір ең басты ойындарымның бірі – тоғызқұмалаққа ұқсайтын «Бестемше». Көп адамның тоғызқұмалақ ойнамау себебі – оның ұзақ өтуінде. Ал бестемше оның қарапайым түрі, әрі кетсе 10-15 минут ойналады. «Бестемшенің» негізгі формасы киіз үй, оны күрделендіру мақсатында жаңа бір түрін шығардым, оны «Тұмар» деп атадым. Оның да өз ерекшеліктері бар. Барлығы халықтың назарын аударып жүр. Енді «Бестемшенің» онлайн түрін мобильді қосымша ретінде шығарғым келеді

, - деді спикер.

Сонымен бірге, Айнұр алдағы уақытта «Ләңгі», «Ат жарыс», «Шалма» ойындарын да қарастырып, өз жобаларын толықтырғысы келеді.

«Ләңгі» – балалардың дене қозғалысына жақсы әсерін тигізеді екен. Ләңгі туралы ұзақ ойландым, оның да өз стандарттары бар, Қазақстандағы жалғыз бренд болғандықтан үлкен жауапкершілік жүктейді, лайықты сапалы дүние жасау керек. Алдағы жылы «Ләңгіні» жаңа леппен шығаратын сияқтымын. Сосын шахмат секілді асықпен үстел үстінде ойналатын «Ат жарыс» ойынын қосамын. Бала кезімізде жіппен ойнайтын «Шалма» ойыны қазақтікі екен. Ескі сүрлеуге салып, орыстың ойыны деп ойлайтын шығармыз, бірақ этнография туралы кітапты ақтарғанда, біздің ұлттық ойынымыз екені белгілі болды. Ондағы формаларға мән берсеңіз, кереге, уықтың пішіндері шығады екен. Мен оны кейін байқадым. Сол ойынды да жаңғыртып көргім келеді. Жалпы шахматтан кем түспейтін, өз болмысымызды көрсететін керемет ойындар бар. Бірақ кейбір ағаларымыз оны патенттеп алған. Ойын түрлерін іздегенде біразына хабарластым, пайда көздемейтінімді, жай ғана ұлттық ойын түрінде насихаттауға рұқсат сұрадым. Сонда да келіспеді. Интернетте ол ойындарға қомақты қаражат бөлінгені жазылған, бірақ шын мәнінде жарыққа шықпаған. Есеп үшін бір-екі мектепке апарылған, бірақ еш нәтиже жоқ. Халықтың ұлттық ойынын қалай патенттеп алуға болады? Ойынның дизайнын, қорапшасын, жазуын патенттеуі мүмкін, бірақ тұтас ойынды патенттеп алу дұрыс емес

, - деді Айнұр Полатова.