ОРАЛ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың бұйрығымен полиция полковнигі Махамбет Қайыржанұлы Абисатов БҚО Ішкі істер департаментінің бастығы болып тағайындалды.
Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ұжымға жаңа басшыны ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлік Кененбаев пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев таныстырды.
М.Қ.Абисатов 1966 жылы дүниеге келген.
КСРО ІІМ-нің Қарағандыдағы жоғары мектебін бітіргеннен кейін әртүрлі жедел басшылық қызмет атқарған. 2007 жылдан бастап БҚО ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары болды. 2012 жылдың маусым айынан ҚР ІІМ департаменттерінің бірінде басшылық қызметке тағайындалған еді. Енді Батыс Қазақстанға департамент бастығы болып оралып отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).