ІІМ Астана-Щучинск және Астана-Теміртау бағыттарында жылдамдық режимін сақтауға шақырды

Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Астана – Щучинск және Астана – Теміртау бағыттарындағы тасжолдарда орнатылған электрондық ақпараттық таблоларда көрсетілетін жылдамдық шектеулері жол қозғалысы ережелеріне сәйкес заңды күшке ие. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді уақытша шектеулерді қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Министрліктің мәліметінше, аталған бағыттардағы жылдамдық режимін бұзғаны үшін салынған әкімшілік айыппұлдарға қатысты азаматтардан көптеген өтініш келіп түскен. Осыған орай ІІМ қала сыртындағы жолдарда орнатылған ақпараттық таблолар заңнама талаптарына сай толыққанды электрондық жол белгілері болып саналатынын тағы да еске салды.

Ведомство дерегінше, электрондық таблоларда 3.24 «Ең жоғары жылдамдықты шектеу» жол белгісі көрсетіледі. Бұл таблолар тұман, көктайғақ, қатты жаңбыр сияқты қолайсыз ауа райы жағдайларында, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары немесе жол-көлік оқиғасы орын алған кезде нақты уақыт режимінде өзекті жылдамдық шектеулерін көрсетеді.

ІІМ жүргізушілерді таблода көрсетілген талаптарды міндетті түрде сақтауға шақырады, себебі олар трассадағы негізгі ақпарат көзі болып есептеледі.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова уақытша жылдамдық шектеулері барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізілетінін атап өтті.

– Заң бұзушылықтар тәулік бойы және кез келген ауа райында жұмыс істейтін автоматты камералармен тіркеледі. Уақытша жылдамдық шектеулерін енгізудің басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Сондықтан барлық жүргізушіні жолда жауапкершілікпен жүруге, ауа райы жағдайын ескеруге, жол белгілерін мұқият қадағалап, жол жағдайындағы өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге шақырамыз, – деді ол.

ІІМ мәліметінше, жүргізушілердің жол жүру қағидаларын сақтауы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, орташа жылдамдықты есептеу тәсілі көлік апаттарының санын 10 пайыз азайтқан.