ОРАЛ. 14 маусым. ҚазАқпарат - Орыстың ұлы жазушысы Михаил Шолохов осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Тасқала ауданында көлігі сынып қалып,
мемлекеттік автоинспектор қызметін атқаратын Наурыз Мусинмен кездеседі.
МАИ қызметкері атақты жазушыға құрмет көрсетіп, қонақ қылып, сый-сияпат жасап, шығарып салған. Өз қызметіне адал, жол ережесін бұзғандарды құтқармайтын Н.Мусинді кейбіреулер «Тасқала арыстаны» деп атап кеткен. Осыны ұмытпаған М.Шолохов бір жылдан кейін Мусиндер отбасына келіп, «Тасқаланың арыстанына орыстың арыстанын ала келдім» деп, Наурыздың ұлы Қуатқа ойыншық (ақ аю) сыйлаған.
Бүгінде Қуат Мусин - Тасқала ауданының әкімі. Бір қызығы, арада 53 жыл өткенде тағы да Тасқала атырабында Наурыздың ұлы Қуат пен Михаил Шолоховтың немересі дәл сондай жағдайда ұшырасқан екен. Сол кезде ойыншық әңгіме болған.
Аталмыш ойыншықты Мусиндер отбасы «Атақты жазушының көзі ғой» деп сақтап келген. Енді оны осыншама уақыт өткеннен кейін Зеленов ауданы Дариян ауылындағы М.Шолохов музейіне Қ.Мусиннің қызы Динара табыс етті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).