Елбасы мұнда консерватория студенттері дайындаған концертті тамашалады.
Мемлекет басшысы мәдениет әрқашан өзінің басты назарында екендігін қадап айтты. "Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы - қазақтың өнері мен музыкасының қара шаңырағы. Осы жылдар ішінде 8 мыңнан астам маман дайындап, бүкіл Қазақстанға, дүние жүзіне аты шыққан оқу орны бола білді. Кеңес Одағының әртістері, батырлар, еңбек ерлері осы шаңырақтан шықты. Халықтың інжу-маржан әндерін жинап, паш етіп жүрген - осы консерватория. Мен сондықтан әрқашан консерваторияға көңіл бөлетін боламын. Мен соңғы рет бұл оқу ордасына 1996 жылы келдім. Сол кезде де айтқан болатынмын: адам өнерге бет бұрып, сұлулыққа, әдемілікке жақын болу үшін алдымен экономика түзелуі керек. Халықтың әл-ауқаты жөнделіп, дүниесі, жүрегі, тірлігі жақсы болатын болса, сонда музыкаға, спортқа, басқа да салаларға көңіл бөледі. Ал бұл - елдің рухы. Елдің рухы биік болмай, мықты тәуелсіз ел болмайды. Халқы аз болсын, көп болсын рухы биік елді ешкім жеңе алмайды. Рух деген елдің тарихы, елдің тілі, елдің дәстүрі. Елдің музыкасы - анамыздың сүтімен сіңген ұлттық біздің тәжірибеміз, тәрбиеміз болып саналады. Оның ең үлкені, әрине, әдебиет, музыка",- деп атап өтті Н. Назарбаев.
Консерватория ұжымымен кездесу барысында Мемлекет басшысы "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша музыка саласына үлкен көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті. "Қаншама том-томымен музыка саласының кітаптары шығып жатыр. Жаңа таспаларға жазылып, түсіріліп жатыр. Музыканың тарихы қайта зерттеліп, әуендер таспаға өшпейтіндей жазылып жатыр. Осының барлығы мемлекеттің өнерге деген қамқорлығы", - деп атап өтті Елбасы.
Президент: "Елімізде 50 театр, 164 мұражай жұмыс істейді. Астана қаласын сала бастағаннан бастап алдымен өнерге қатты көңіл бөлдім. Бейбітшілік пен келісім сарайында үлкен керемет театр жұмыс істейді. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында 3500 орындық Орталық Қазақстан концерт залы пайдалануға берілді, жақында Академиялық опера және балет театры ашылады. Қазір Өнер институтын салып бітірдік. Бұл бәсекеге түсетін оқу орындарыңыз болады ",- деді.
Елбасына уақыт бөліп келгендігі үшін алғыс білдірген аталмыш оқу орнының ректоры Жәния Әубәкірова: "Біздің студенттеріміз бен ұстаздарымыз барлық биік сахналарда үлкен жетістіктерге жетуде. Сіз әрқашан талантты адамдарға үлкен үлгі көрсетіп жүрсіз. Біз де Сіздің үлгіңіз бойынша үлкен жетістіктерді бағындыруға тырысамыз. Біздің барлығымыз музыкант әрі ұстаздармыз. Сіздің мәдениетке әкелік қамқорлығыңызға үлкен алғыс білдіреміз. Сізбен және біздің гүлдену үстіндегі мемлекетімізбен мақтанамыз"- деп атап өтті.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы - жетекші және алғашқы музыкалық жоғары оқу орны. 1944 жылы Алматы қаласында Мемлекеттік өнер институты болып құрылған оқу орны кейіннен Мәскеу және Ленинград консерваторияларының үлгісінде Алматы консерваториясы болып өзгертілді. 1945 жылы оқу орнына ХІХ ғасырдың атақты күйшісі Құрманғазы Сағырбаевтың есімі берілді. Консерватория құрамында 5 факультет бар. Мұнда Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Сыдық Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова және Еркеғали Рахмадиев сынды композиторлардың мектебі қалыптасқан. Шығармашылық даму жолында консерватория өзінің ұлттық музыкалық білім моделін жасап келеді. Биыл консерваторияның құрылғанына 66 жыл толды. Осы уақыт ішінде бұл оқу орны елімізді әлемге танытқан талай өнер саңлақтарын тәрбиелеп шығарды. Ермек Серкебаев, Шамғон Қажығалиев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, кейінгі буыннан Нұржамал Үсенбаева, Қаршыға Ахмедияров сынды классикалық өнер жұлдыздары да осы қара шаңырақтан түлеп ұшқан.
Бүгінгі күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы екі оқу корпусында орналасқан. Оқу орнының студенттері мен оқытушыларына - кең оқу аудиториялары, 170 орындық Камералық зал, 236 орындық кіші Концерт залы, спорт залы, оқу залы, сынып абонементі қызмет етеді. Қазіргі уақытта 500 орындық Үлкен Орган залының құрылысы аяқталды. Студенттер жапон және неміс фирмаларының ең жақсы жаңа аспаптарында, сонымен қатар ішекті квартет үшін электронды аспаптарда дайындық жүргізеді. Консерватория түлектері еліміздің барлық шығармашылық ұжымдарында, сонымен қатар білім мекемелерінде қызмет етеді. Қазақ ұлттық консерваторияның түлектері сонымен қатар Ресей, Германия, Грекия, Голландия, Израиль, АҚШ, Франция, Чехия, Канада, Корея, Қытай және т.б. жақын және алыс шетелдегі кәсіби ұжымдарда табысты еңбек етуде. Соңғы үш жыл ішінде консерватория қабырғасында Қазақстанның музыка өнерін мақтанарлықтай танытатын жас ұрпақты - 50-ден астам халықаралық және 200-ден астам республикалық конкурстардың лауреаттарын дайындады.