«Мәдениет саласындағы басты мәселелердің бірі - жергілікті жерлердегі мәдениет нысандарын қаржыландыру және оларды одан әрі дамыту. Соңғы кездері өңірлерде салынатын нысандар міндетті түрде республикалық бюджеттен қаржыландырылуы тиіс деген пікір қалыптасып жүр. Бұл дұрыс емес. Қазіргі күні бірқатар өңірлердің қаржылық әлеуеті зор, бір емес бірнеше мәдени нысандар салуға мүмкіндіктері баршылық», - деді М. Құл-Мұхаммед.
Осыған орай, министр алдағы уақытта республикалық бюджетке ғана қарамай, облыстық бюджет деңгейінде және мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі деңгейінде мәдениет нысандарын салуға күш жұмсау қажеттігін атап өтті.
«Жалпы мұндай меценаттардың қолдауымен салынған нысандарды мемлекет өзінің меншігіне алып, әрі қарай қаржыландыруды өзі жүзеге асыра алады», - деді министр.
Сонымен қатар, ведомство басшысы саладағы мәдени ақпараттық және ағартушылық мәселелерінде жергілікті шығармашылық ұйымдармен, институттармен бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін алға тартты. Мәселен, министрдің айтуынша, қазір республикалық арналар көптеп ашылуда. «Осы арналардың жұмысы өз бетінше емес, тиісті министрліктердің бағдарламасымен бірлесе жүзеге асуы шарт. Мысалы, Білім арнасы - Білім және ғылым министрлігімен, бірер айдан соң ашылатын Спорт арнасы - спорт агенттігімен, осы саладағы қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарылуы тиіс», - деді М. Құл-Мұхаммед.