«Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасында жас мамандарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Осы бағытта Елбасының тапсырмасына сәйкес 2014 жылдан бастап оңтүстік түлектерінің солтүстік аймақтарда тегін білім алуына және ішкі көші-қонды реттеуге, жұмыс күші тапшылығын азайтуға бағытталған «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Әлеуметтік жоба аясында кадрларды даярлау еліміздің 25 жоғары оқу орнының базасында жүргізілуде. Осыдан 7 жыл бұрын үлкен қарқынмен бастау алған бағдарлама жыл өткен сайын бәсеңдеп, мектеп бітіруші түлектердің оған деген қызығушылығы төмендеуде. Соңғы 6 жылда «Серпін-2050» бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджет есебінен бөлінген 25,7 млрд теңге қаржының жұмсалу тиімділігі ешқандай сын көтермейді. Уақытылы қаржыландыруға қарамастан, тұрақты жұмыс, үй мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппаған. Ең өкініштісі, бағдарлама түлектерінің тек төрттен бір бөлігі білім алған аймақтарда тұрақталған. Мысалы, Павлодар қаласына 2018 жылы оқуға түскен студенттердің 70% оңтүстік аймаққа қайта оралған», - деді М. Ахметов Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда ол Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдайға тоқталды.
«Осыдан он күн бұрын Солтүстікке барып, жағдайды бағамдап, «баяғы жартас, сол жартас» екенін, нақты нәтиженің жоқтығына көзім жетті. «Серпін» бойынша Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін биыл бітірген 237 түлектің тек 31-і ғана тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал қалған 200-ден астам маман мемлекет қолдауынан тыс қалып отыр. Сонда келер жылы бітіретін 342 жас маманның тағдыры не болмақ? Бұл еңбек нарығындағы мамандар қажеттілігі мен кадр даярлау ісі арасында ешқандай байланыс жоқ екенінің айқын дәлелі. Бағдарламаны жүзеге асыру бойынша бар жауапкершілік тек аймақтық университеттердің мойнына жүктелген. ЖОО-ның негізгі миссиясы кадрды даярлап шығару. Жұмыспен қамту, қолайлы жағдай жасау жергілікті атқарушы биліктің міндеті. Жоба жұмыссыздар санын азайтудың орнына орта жолдан оқуын тастап, туған өлкесіне оралған NEET санатындағы жастардың санын көбейтуде. Осының барлығын көре отырып, Білім және ғылым министрлігі ешқандай сараптама жүргізбестен 2021-2023 жылдарға бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттен 32,7 млрд теңге жұмсауды қарастырып отыр. Егер жоба алдағы уақытта еш өзгеріссіз жүзеге асатын болса, бұл мемлекет қаржысын желге шашумен тең», - деді депутат.
«Егер жоба басы бар, аяғы жоқ бастамалар қатарына кірмесін десек, кеш болмай тұрғанда «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасының болашағын айқындап, бағыт міндеттерін жүйелеп, жетілдіріп, іс жүзінде нәтиже беретін, жастарға қолайлы механизм жасақтау қажет», - деді Мәди Ахметов.
Бұл тұрғыда нақты ұсыныстар жасалды:
- «Серпін» түлектеріне тек оқыған аймағында емес, көршілес жатқан елді мекендерде жұмыс істеуін ойластырған жөн;
- Жас мамандарға арнап бастапқы кезеңде ақысы төмен, тым болмағанда жатақханамен қамтамасыз ету қажет;
- Жас маман солтүстік аймақта отбасын құрған жағдайда оған жергілікті әкімшіліктен көтерме жәрдемақы тағайындау керек;
- 3 жылдық еңбек өтемі аяқталған соң қолайлы шартпен қолжетімді баспаналы болуын ойластыру маңызды.