Мақтан етем қазақтай халқым барын - Көпболсын Бекмағанбетов

АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ - Бүгіндері дүниежүзін шарпыған қаржылық және экономикалық дағдарыстың астарына үңілгендер көбіне оның себептерін материалдық категория тұрғысынан қарастырып жатады. Меніңше бұл бір жақты көзқарас. Шынтуайтына келгенде, келеңсіздіктер рухани дағдарыстан туындайды. Сондықтан, адамның сана-сезімін, ой-түйсігін, жан-дүниесін жаңғыртып отыру мәселелері күн тәртібінен ешқашан түспеуі қажет. Сонда ғана өз сыбағасына құлдық ұрып, жеуге әзір тұратын

құл мінезді бағыныштылар емес, жанының құнары бар, санасының шырағы бар, шен-шекпенділерге емес, парасат пен ақылға бас июге тәрбиеленген намыскер азаматтардың қатары молынан болары анық.

Әрине, қазір де арынды азаматтардан, текті тұлғалардан, ізгі жандардан ада емеспіз. Бірақ көбі қалың бұқараға беймәлім, себебі олар туралы біз айта да, жаза да, көрсете де бермейміз. Бұл енді құптарлық жәйт емес, өйткені осы кісілердің үлгі-өнегесі өскелең ұрпақтың парасат-пайымын нығайтып, рухын шыңдап, жүрегін тербеп, қиялына қанат байлататын, шабытын шалқытатын бірден бір тәрбие құралы. Осы ретте, мен әңгіме еткелі отырған Көпболсын Бекмағанбетовтің өнегелі өмірі баршаға үлгі етерлік деп ойлаймын. Иә, бір қарағанда, ол кітаптары шыққан ақын да, жұртшылыққа кең танымал қоғам қайраткері де емес. Бірақ жүздескен, араласқан адамдарының жан-жүрегіне жылы сезім ұялатады. Бір кездесіп, дәмдес болғандарды өзінің ерекше өлең шумақтарымен шаттыққа бөлейтін, айналасына шуақ шашып жүретін сезімі сергек, ойы тұнық, сенімі сетінемеген қазақтың нағыз марқасқа азаматтарының бірі.

Көпболсын Әбдікешұлының біз байқай да, аңғара да бермейтін сәттерді қалт жібермей, оларды сезім иірімдерімен әрі сөз үйрімдерімен әрлей отыра, таңғалғаннан таңдайыңды талмап жұтып қоярдай тамаша өлең жолдарына айналдырып жіберетін қасиетіне тәнті боласың. Көпболсынның өлең жазу тәсілі де бөлек. Мен поэзия саласының маманы емеспін, жыр шумақтарының әрбір жолы белгілі бір әріптен басталатын өлеңді қалай атау керектігін біле қоймаймын. Бірақ осылай жазатындардың некен-саяқ екенінен хабардармын. Көпболсын солардың қатарынан. Бірде әзіл-қалжыңдары жарасатын құрдасы Әбітайға арнауының әр жолы «Ә» әрпінен құралған, ұйқасымы мен ұнасымы келіскен әдемі әзіл-өлең шумақтарын тыңдап, таң-тамаша күйде қалғаным бар. Жалпы, оның табиғат пен адам көңіл-күйінің қамшының сегіз өріміндей жымдасқан, жан әлеміңді желпіп-желпіп өтетін, көңілдің хошын кіргізетін тәтті жыр жолдарымен бедерленген өлеңдері жетерлік. Білуімше, олардың саны жүзге жетіп жығылады. Республикалық, облыстық, қалалық, аудандық басылымдардың бетінде жарияланғандары да бар. Ал енді осы өлеңдерді өз алдына жеке бір кітап етіп шығарса, бәріміз де ұтар едік.

Негізі, Көпболсын мамандығы бойынша экономист-заңгер. Алғашқы еңбек жолын Қазақ ауылшаруашылығы институтын бітірген соң экономист ретінде бастаған ол, бір жылдан кейін Ішкі істер органдарына ауысып, онда отыз жылға жуық абыройлы қызмет атқарып, полиция полковнигі шенінде отставкаға шықты. Жанкешті еңбегі өзінің орынды бағасын алып, бірнеше медальдардың, Құрмет грамоталарының, Ішкі істер министрлігінің, ВЛКСМ Орталық комитетінің арнайы белгілерінің иегері атанды, ал есімі Жезқазған облыстық ішкі істер басқармасының «Құрмет кітабына» жазылды. Осындай ісіне адал, рухы мықты, төзімі зор азаматтың кезінде қара сөзді шындап айналдырса, бүгіндері қабырғалы ақындардың қатарын толтырмасына кім кепіл. Дегенмен, ол өзін ақынмын деп есептемейді. Оның ұғымынша әрбір қазақ ретімен сөз тауып сөйлеп, көңілі түссе шумақтарды төгілдіріп жіберуге тиісті сияқты.

Ері жеріне тартып туады десек, жүзіне ақжарқындылық пен имандылық қатар қоныс тепкен Көбекеңнің үлгі тұтарлық адами қасиеттерінің, ерекше қабілетінің қайнар бастауында қазақтың небір дүлдүлдері мен бұлбұлдарын дүниеге әкелген нұрлы да әсем Ақтоғай елінің тұрғанын айтқан жөн. Бабадан қалған салты мен атамұра дәстүрін қастерлейтін, өнері мен өлеңін, қасиетті тілі мен ділін төбесіне көтеретін осынау бір қазақи өңір Көпболсындай ұлын әрдайым асулы армандарға құлаш ұрғызып, ізденіс еңбектерге ұштастырды, өмірін мағыналы еткен жарқын мақсаттарға жетеледі. Көбекең болса сол биік межелерден табыла білді, әлі де табылып келеді. Зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, халқына қызмет етуден бір жалыққан емес. Әсіресе, 2007 жылы Елордаға қоныс аударып келген сәтінен бастап оның екінші тынысы ашылды десе де болады. Бірнеше қызметтің есігі оның алдынан айқара ашылғанымен, ол өзінің ана тіліне бас иіп, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін баянды ету жолында аянбай қызмет жасауға бел буды. Сөйтіп, Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасына жұмысқа тұрды. Міне содан бері бел жазбай, еліне аса қадірлі, қазақтың қайсар қызы Оразгүл Асанғазымен ілесе отырып тіл майданында тынымсыз тіршілік жасап жатқан жәйі бар. Нәтижесіз де емес. Елорда тарихында ең алғашқы болып Тілдерді дамыту басқармасының әнұранының мәтінін жазды. Көпболсын жазған бұл әнұранның өн бойы:

Тілім менің ғасыр үнін жалғаған,
Тілім үшін отқа түсем лаулаған.
Басқаны да ортамызға тартайық,
Қазақ қана сөйлегені аз маған, - деген тәрізді жыр шумақтарымен әдемі көмкеріліп, барлық қазақстандықтарды мемлекеттік тілді сыйлауға және оны заңды тұғырына бірлесе отырып қондыруға шақырады. Айта кету керек, 2009 жылы Астана қаласында Қазақстан халқы тілдері фестивалін қортындылаған үлкен басқосуда аталмыш әнұран тұңғыш рет орындалып, көптің көңілінен шықты.

Көпболсынның жеті шумақтан тұратын «Үрдістерін Малайдың, үлгі істерге балаймын» деген өлеңі де өз елі мен жерін қадірлейтін әрбір азаматты бей-жәй қалдырмасы анық. Малайзияда білім алған баласы Маратпен әңгіме барысында кешегі ешкім біле бермейтін Малай елінің аз уақытта, түпкілікті мүддесіне жұмыс істейтін сындарлы саясат жүргізудің арқасында, әлемнің алдыңғы қатарына шығып, құрлықтың азулы «жолбарысына» айналғанын білген оның тілінің ұшына мына бір жолдар ілінген екен:

Салтын сақтап, әр қилы дінді ұстанар,
Қытай да бар оларда, индус та бар.
Мемлекеттік тілді де тез меңгерген
Заң қадірлер, енгізді үрдісті олар.

Таң қаламын басқаның ғажабына,
Біздегілер алсашы назарына.
Мәртебесі тілімнің өссе солай,
Жұғысты боп кеңпейіл қазағыма.

Көбекеңнің Тілдерді дамыту басқармасының өзге де қызметкерлерімен бірге Елордамызды қазақи кейіпке айналдыру жолында атқарып жатқан істері құптауға тұрарлық. Жалпы осындай азаматтардың тіршіліктеріне қарай отырып, «жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, түн ұйқыны төрт бөліп жұмыс жасап жатырмыз» деген сөздің шынайы мән-мағынасын ерекше түйсінесің. Өз басым, жұмыс пен төл тілімізге адалдығы үшін ризамын. Ал, Көпболсынның өзі болса:

Асқаралы алпысты алқымдадым,
Өзгермедім баяғы қалпымдамын.
Өткеніме өкпем жоқ, ағайындар,
Мақтан етем қазақтай халқым барын - деп, ағынан жарылады. Ендеше біз де Көпболсын Әбдікешұлындай азаматпен мақтанамыз әрі оның өнегелі істерінің өзінің сүйікті балалары мен сүйкімді бес немересіне, жалпы өскелең ұрпаққа тигізер әсерінің оң әрі мол болатынына сенімдіміз және де қашанда қолтығынан демеп, ажарын ашып келе жатқан жан жары Бақыттымен ұзақ ғұмыр кеше отырып бақытты болуын тілейміз.