Ккеше Алматы облысындағы Асы жайлауында өткен малшылар слеті кезінде Еңбекшіқазақ ауданы Сарыбұлақ ауданының 84 жасқа келсе аттай түспеген, көпті көрген кәнігі малшысы Елақын Артықбайұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осылай айтты.
"Осы Асы жайлауында мал бағып жүргеніме 53 жыл болды. Қазір қойшылық таяғымды немереме бердім. Өзім бұрын қой да, жылқы да, сиыр да бақтым. Жалпы атадан балаға мирас болып келе жатқан малшылық өнердің өзіндік қыр-сыры өте көп. Өкінішке қарай, қазір оның бәрі бірдей сақталып жатқан жоқ. Кейбір малшылар өз кәсібінің маңызы мен мазмұнын терең түсінбегендіктен жайылымдық жердің оты да қазір бұрынғыдай емес", - дейді Елақын Артықбайұлы. Оның айтуынша, ата кәсіпті бала жастан үйренбесе, оны кейін толық меңгеру қиын. Мал өсіргеннің бәрі бірдей білікті малшы емес. Өз ісінің қыр-сырын терең білмегендіктен қазір жеке қожалықтағы мал тұқымының сапасы күрт нашарлап кетті. Жауапсыздықтан оның тұқымын асылдандырудың атадан балаға мирас болып келе жатқан жөн-жосығы бұзылған. Оны асылдандырғанда бір-бірін араластырмай ұрықтандырып, жемшөбін жақсылап беру керек. Қазір бұл істе анау жақсы, мынау жақсы деп жүргендер өте көп. Егер жемшөбің, қора-қопсың сай болса кез-келген тұқымды асырап, бағуға мүмкіндік бар.
"Өз басым малдың қазақы түұқымдарын жоғары бағалаймын. Олар суыққа төзімді және жергілкті жағдайға өте бейімделген. Мәселен, қазақы қойдың қозысы туған соң тез ауызданып, енесіне ілесіп жүре береді. Ал меринос қойдың қозысын қоздатқанда бұрын қысты күні басына жарық шамын қойып жылытқан күндеріміз болды", - дейді кәнігі малшы. Е. Артықбайұлының сөзіне қарағанда, ерте өргізіп, жусауын қандырса мал жайлауда тез қоң жинайды. Өрістегі төрт түлік малды жаю мен қайырудың да өзіндік жөн-жосығы бар. Бұрын малды таулы жерде қабырғалы болады қиялатып, құйрықты болады деп тік өрге де жаяды екен. Ал жазық жерде қай мал болса да, қайырып бағады. Бытыраған малда береке болмайды. Оны қасқыр жеп, ұры алуы да мүмкін.
"Жайылымның кез-келген жерінің өзіндік ерекшелігі бар. Малға оның бәрінің шөбін жегізу керек. Мәселен, өз басым мына екі жыраның бір жағын қойға, екінші жағын мініс аттары мен бұзаулаған сиырға деп жоспарлап, оған басқа малды араластырмаймын. Жалпы қой баққан адамға төрт көз овчарка да жақсы серік бола алады. Бірақ ол қасқырға шаба алмайды. Менің ойымша, малды ит-құстан қорғауда жалпы қазақы төбетке жететін ит жоқ. Жақында сондай 4 итім жабылып, өрісті жағалап жүрген түз тағысының бірін талап, үйге сүйретіп келіпті", - дейді Елақын ақсақал.