Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру саласында 10 озық жоба іске асырылмақ - ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу саласында 10 озық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарланды.

Атап айтқанда, құс еті бойынша Ақмола облысында 3 жоба іске қосылмақ: «Макинск құс фабрикасы» ЖШС (қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын құс бройлерінің өндірісі); «Техно құс» ЖШС; «Capital Projekt» ЖШС (қуаттылығы 20 мың тонна құс еті).

«Бұл жобалардың іске қосылуы өндіріс көлемін екі есеге арттырып, ішкі нарықтағы құс етінің импортын 30 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді», - делінген министрлік мәліметінде.

Бұдан бөлек, ет өндіру және қайта өңдеу бойынша 3 жоба іске асырылуда: «Евразия Агро Холдинг» ЖШС, «Молочные истории» ЖШС және «Үміт» ЖШС.«Евразия Агро Холдинг» ЖШС-нің қой етін өндіру және қайта өңдеу өндірісінің жобасы Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында орналасқан. Жоба аясында қуаттылығы жылына 6 500 тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін ет комбинаты мен бордақылау алаңы құрылады. Жобаның іске асырылу мерзімі 2015-2017 жылдар.

«Молочные истории» ЖШС Ақтөбе облысы Алға ауданында орналасқан. Жылына 7,2 мың тонна ет өңдеуді көздеп отырған шаруашылық ет комбинаты мен мал бордақылау алаңын салмақ. Жоба 2015 жылы іске қосылмақ.

Ал «Үміт» ЖШС Алматы облысында орналасқан. Жоба аясында жылына 10 мың тонна етті қайта өңдеуге мүмкіндік беретін ет комбинаты мен мал бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. «Үміт» ЖШС-нің бұл жобасы 2015-2016 жылдары пайдалануға берілмек.

Мұнымен қоса, сүт өндірісі және сүтті қайта өңдеу бойынша 3 жоба іске асырылуда: «Milker» ЖШС, «АгроТрейдТорг» ЖШС және «Қайыңды» ЖШС.

«Milker» ЖШС Ақтөбе облысының Мартөк ауданында орналасқан. Мекеме 1 600 сауын басты құрайтын асыл тұқымды сүт фермасын және ірімшік, сүт қышқылды өнімдер бойынша қуаттылығы 60 тоннаны құрайтын сүт зауытын салуды көздеп отыр. Жоба 2015-2017 жылдары іске қосылмақ.

Алматы облысының Алакөл ауданында орналасқан «Қайыңды» ЖШС 3 000 басқа арналған сүт тауарлы фермасы мен қуаттылығы 100 тоннаны құрайтын сүт өңдеу зауытын салуды көздеп отыр. Жоба 2015-2016 жылдары қосылмақ.

«АгроТрейдТорг» ЖШС 3 000 басқа арналған сүт тауарлы фермасы мен қуаттылығы 50 тоннаны құрайтын сүт өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр.

«Жобалардың барлығы қазіргі заманғы жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Осы жобалардың іске қосылуы тауарлы сүт өндірісін арттыруға және ішкі нарықты сүт өнімдерімен толықтырып, экспорттық потенциалды арттыруға мүмкіндік береді», - ведомство мамандары.