Мал шаруашылығын дамыту үшін жемшөп құнарын арттыру қажет – Б.Нәсиев

Л. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасымыз биылғы Жолдауында аграрлық секторда етті ірі қара шаруашылығын дамытуды баса айтқан еді. 2016 жылы ет өнімінің экспорты 60 мың тоннаға жетуі тиіс, бұл - 4 млн. тонна астық экспортына тең.

Үкімет тарапынан бұған 130 млрд. теңге несие бөлінбек. Мал шаруашылығын дамытудың маңызды тетіктерінің бірі - жем­шөп мәселесін жолға қою. Осыған орай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті кәсіптік практика және студенттік мансап департаментінің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бейбіт Нәсиев өз ой-толғамымен бөлісті.

Ғалымның пікірінше, бүгінде жем­шөп өндірісінің даму қарқыны мал шаруашылығының сұранысын қанағаттандыра алмайды және болашақта мал өнімдерін қарқынды өндіруді тежеуі мүмкін. Жоғары сапалы жем өндіруге қажетті жер мен биотабиғаттық мүмкіндік бізде мол. Бүкіл әлемде азық-түлік ретінде мал өнімдерін пайдалану көрсеткіші қоғамның даму жағдайының деңгейін көрсетеді. Мал өнімін өндіру көлемі мен оның сапасы жемшөп шаруашылығының даму дәрежесіне тығыз байланысты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, қазір өңірде 420,7 мың ірі қара, 840,0 мың қой мен ешкі, 71,9 мың жылқы, 3,5 мың түйе, 956,0 мың құс тіркелген. 2015 жылға дейін мал саны 15 пайызға көбеймек. Ғалымдар есебі бойынша қоғамдық мал өнімі және өнімділік дәрежесін көтеруді қамтамасыз ету үшін 661,0 мың тоннадай жем қажет.

Өңірдегі жем көздеріне түрлі шөппен қамтылған табиғи жайылымдар, шабындықтар мен егіндік жерлер жатады. Облыста табиғи жайылым 11,2 млн. га шабындық 1,0 млн. га және егіндік жерлер 10,2 млн. га аумаққа орналасқан. Осы аумақта жалпы шөптік жемнің 90 пайызы өндіріледі. Жылына табиғи жайылымдар 3-4 ц/га, ал шабындық 10-12 ц/га жасыл балауса береді. Табиғи жайылымдарда 2015 жылға дейін 671,7 мың тонна жемшөп дайындау көзделіп отыр. Облыстың ауыл шаруашылығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес егістікте жем өндіру аймақтың биотабиғаттық жадығаттарын (ресурсы) толығымен пайдалануға бағытталған. Сапалы мал өнімін өндіру және осы саланы дамыту өңірде өндірілетін барлық дәнді дақылдардың сапасына, мөлшері мен құрамына байланысты. Сүтті және етті мал шаруашылығында құрама жемнің маңызы арта береді. Өйткені бүгінде сапалы да құнарлы жем өндіру толық шешімін таппай отыр. Орта есеппен облыс бойынша түрлі мақсатта 600,0 мың тонна дән пайдаланылады. Осы көлемнің жемдік мақсаттағысы 200-250 мың тоннасы немесе 33-42 пайызы. Жемдік мақсатта пайдаланылатын дәннің құрамында бидайдың үлесі 62,8 пайыз құрап отыр. 30,4 пайызы арпа, 3,1 пайызы тарының, ал 2,9 пайыз қара бидайдың үлесіне тең. Жүгері мен бұршақ өндіру, өкінішке қарай, кемшін. Жемдік дәннің құрамында бұршақтың (0,3 %) және сұлының (0,5 %) мөлшері өте төмен. Нәтижесінде мал азығын өндіруге құрама жем мөлшерден 1,8-2,0 есе көп шығындалады. Облыстың ауыл шаруашылығын дамытудың стратегиялық жоспарында 2015 жылға дейін ет өнімдерінің көлемін 44,0 мың тоннаға дейін өсіру көрсетілген. Оны қамтамасыз ету үшін 2015 жылы мал азығы дақылдары егіс көлемінің 6,3 мың гектарын құрауы тиіс. 2015 жылға дейін өндірісті жеделдету нәтижесінде дәнді дақылдардың алқабы 530,3 мың. гектарға қысқарады. Мал азығы үшін пайдаланылатын бидайдың мөлшерін төмендетіп, далада өсірілетін жүгері, арпа және бұршақ дақылдарын өндіруді дамыту жоспарланып отыр. Сонымен бірге болашақта өнім көлемін көбейтумен қатар, мал азықтық дәннің құрылымын тұрақты қалыпқа түсіру қарастырылады. Бидайды пайдалануды күрт азайтып, арпаны, сұлыны, тарыны және сонымен бірге, қуатты да құнарлы, ақуызға бай бұршақ пен жүгеріні қолдануды көбейту керек.

Жемшөп өндірісін дамыту үшін мынадай ғылыми-тәжірибелік және ұйымдастыру шаралары жүргізілуі тиіс:

-ең алдымен шағын тауарлы кәсіпорындардың үлкен шаруашылықтарға бірігулерін қамтамасыз ету қажет. Бірігу - технологияны ұйымдастыру үшін маңызды, себебі егіншілікті заман талабына сай ландшафты жүйеге көшіруге және ғылыми негізде құрылған ауыспалы егістерді толықтай ендіруге мүмкіндік береді;

-асбұршақ пен ноқат облыс бойынша ақуыздық жемнің маңызды көзі болуы тиіс. Бұршақ дақылдарын өндірудің көлемін ұлғайту үшін оларды дара және аралас түрде егудің технологияларын жетілдіру керек. Сонымен бірге бұршақ дақылдарының құрамында ақуыз бен метионин жоғары және танин мен трипсин ингибиторы төмен жаңа сорттарын енгізу қажет;

-жемшөп өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін нарық жағдайы біржылдық шөптерге көзқарастың өзгеруін қажет етеді. Шикізат конвейеріндегі «бос орынды» біржылдық шөптер есебінен жоюға болады;

-жемшөп дақылдары аралас егістіктерінің, көп және біржылдық шөптер мен аралық егістік дақылдары және сүрлем дақылдарының тиімді модульдері болуы шарт;

-жемдік дәннің жалпы өнімі деңгейін көтеру үшін егістіктердегі жүгері, арпа, бұршақ дақылдарының үлесін 25-35 пайызға жеткізу және құнды дақылдардың өнім деңгейін өсіру;

-табиғи шабындықтар мен жайылымдарды тиімді пайдаланып, топырақты тозу мен құлдыраудан сақтау, ауыспалы жайылымдар жүйесін реттеу;

-жемшөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамыту;

-облыста құрама жем өндірісін қалпына келтіру.

«Мұны мал шаруашылығымен айналысатын, етті экспортқа шығаруға бағыт ұстаған республика өңірлері ескерсе, орынды болар еді», - дейді Б.Нәсиев.