«Мал шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 31-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 31-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен «Қазагромаркетинг» АҚ ұйымдастырған форумда еліміздің мал шаруашылығы саласын дамытудың, осы саланың халықаралық ұйымдармен әріптестік қатынасын нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды. Кеше елорда төрінде өткен осы алқалы жиын «Егемен Қазақстан» назарына ілігіп, онда айтылған негізгі мәселер басылымның бүгінгі нөміріндегі «Мал шаруашылығын дамытудағы маңызды қадам» деген тақырып аясына топтастырылған. Басылымның келтірген деректеріне қарағанда, бүгінгі таңда елімізде 6 миллионнан астам ірі қара, 17,5 миллион қой, 1,5 миллион жылқы, 155 мың түйе, 33 миллион құс, сондай-ақ 1,3 миллион шошқа бар екен. Бұл көрсеткіш 2000 жылдардың басындағы деңгейге қарағанда, 1,5 есе артық. Сондай-ақ қазіргі таңдағы ауыл шаруашылығының өрлеуіне кедергі келтіріп отырған бірқатар жайттарды жіпке тізіп шыққан «Егемен Қазақстан» газеті «2015 жылға қарай 35 заманауи бордақылау алаңының, 30 сүт кешенінің, 6 бройлерлік құс фабрикасының құрылысын аяқтау жоспарлануда», деп жазады.

«Хельсинки Қорытынды актісі 35 жыл ішінде өзінің өзектілігінен айырылған жоқ, өзектілігін жоғалтқан жоқ», деп мәлімдеді ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстанның Сыртқы істер министрі - Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 1975 жылғы тамыздың 1-інде қол қойылған Хельсинки Қорытынды актісінің 35 жылдық мерейтойының қарсаңында. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазып отыр. «Хельсинки Қорытынды актісі 35 жыл ішінде өзінің өзектілігінен айырылған жоқ. 35 мемлекеттің басшылары Хельсинки қаласында бас қосып, мақұлдаған бұл жаңашыл және жан-жақты қауіпсіздік тұжырымдамасы бүгінгі күні де ЕҚЫҰ жауапкершілігінің аймағында қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың маңызды факторы болып табылады. 35 жыл бұрын бекітілген қауіпсіздіктің әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық деген үш өлшемі осы күнге дейін ұйым қызметінің негізі болып қалуда», делінген мәлімдемеде.

Сонымен қатар бұл мәлімдеме «Казахстанская правда» газетінде де жарық көрді. «Әлемде соңғы жылдары болып жатқан күрделі өзгерістер ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерден, әсіресе, олардың басшыларынан, Ванкувер мен Владивосток арасындағы ұйым жауапкершілігіндегі аймақта туындайтын жаңа қауіп-қатерлерге лайықты шара қолдануды талап етеді. Сондықтан, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Мемлекеттің басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биыл Астанада ЕҚЫҰ саммитін шақыру туралы бастамасы қаншалықты дер кезінде айтылғанына лайықты баға берудің өзі оңай емес. Біздің бүгінгі мақсатымыз - "Ванкувер мен Владивосток арасындағы қауіпсіздік кеңістігі тұжырымдамасын тарихта қалдырып, жаңадан еуразиялық және еуратлантикалық қауіпсіздік қауымдастығын құру ісіне көшу. Жаңа геосаяси жағдайда Хельсинки Қорытынды актісі тұжырымдамасынан орынды түрде "Астана рухы" секілді жаңа ұғым пайда болып, осындай кездесулердің аса маңызды қорытындысына айналатынына біз кәміл сенеміз. Бұл біздің ұйымның мерейтойын лайықты атап өтуге және оны XXІ ғасырда жаңа жетістіктерге жетелеуге жол ашуы тиіс», делінген Қ.Саудабаевтың мәлімдемесінде.

«Егемен Қазақстан» газетінің кешегі нөмірінде таяуда ғана Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен талқыланған Тіл бағдарламасының жобасы жарық көрген болатын. Ал бүгінгі санында осы жобаға қатысты ел азаматтарының пікірлері топтастырылып, сонымен қатар тіл жанашыры Асылы Османмен арадағы сұхбат та қоса жарияланып отыр. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген А.Осман «Осы уақытқа дейін сен қазақ тілін білмейсің деп біреу жұмыстан шығарылды ма, біреуге қастандық жасалды ма? Ондай нәрсе болған жоқ. Қазақтың кішіпейілділігін өзгелер кішілік деп танымасын. Әрбір қызметіміз бен құрметіміз ел үшін болуы керек!», депті.

***

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Бесікті танып алмайынша, бесік өндірісін дамыта аламыз ба?» деген тақырыппен мақала басылды. Онда жарияланым авторы «Кезінде бесік жайлы неше түрлі кертартпа әңгімелер де айтылды. Қазақ қыздарының аяғының қисық болуын, балалардың бойының тәпелтек болуын да күні бойы бесікке бөленіп жатуынан деп даурыққандар да табылды. Мұның бәрі ұлттың өткенін өшіріп, тарихқа тас атуды көздегендердің тірлігі екені айқын. Соған қарамаста, әлі күнге дейін бесік қолданыстан шыққан жоқ. Демек, керек. Аса қажет деген сөз», дей келе бүгінгі таңда бесіктің қолданылуы қаншалықты деңгейде деген сауал төңірегінде іздеген. Сонымен қатар қазіргі уақытта аналарымыздың бесік орнына «памперске бөлеуді» әдет еткенін тілге тиек етеді.

Ал осы басылымның қоғам бетінде «Аяғымен техника жөндейтін жігіт» атты мақала жарық көрді. Мақалада Қармақшы ауданы Тұрмағанбет ауылында тұратын екі қолы иығынан кесілген Нышан Сексеновтің тағдырдың тауқыметіне қарсы тұра білуі көпке үлгі екені айтылған. «Нышан өз қатарымен мектеп табалдырығын аттай алмады. Оған жасыған жоқ. Кейіннен қатарға қосылды. Қаламсапты башпайына қыстырып алады. Ақ қағаздың бетіне әріптерді маржандай тізуге дағдыланды», деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, бүгінгі нөмірге назар салыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Дат!» айдарында қазақ радиосының директоры Ғалымжан Мелдешпен арадағы сұхбат «Мінберден «ұлтым» деп кеңірдегін үзіп жүргендер «өз үйімде не болып жатыр өзі?» дей ме екен?» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына толымды жауап берген ол «Соңғы кездері мені қатты алаңдатып жүрген мәселенің ең бастысы - тіл. Сонымен тығыз байланысты бала тәрбиесі!.. халқымыз үшін небір қиын да қилы заманда малмен жанның өзіне қарауға мұрша қалмаған шақтарда ұмытуға болмайтын бір нәрсе - ұрпақ тәрбиесі еді», депті.

***

«Мәскеуде Домодедово әуежайына келіп қонған ұшақтағы жолаушыларды екі сағат бойы заңсыз ұстаған қазақстандық бір азамат ұсталыпты» деген суыт хабар те жетті. Сөйтіп, «ол кім болды екен?» деген ой кім-кімді де мазалағаны даусыз. Біз осы мәселенің анық-қаығын біуге асықтық», деп жазады «Айқын» газеті. Бұл жайында кеңірек оқып білгіңіз келсе басылымның сенбілік нөмірінде жарық көрген «Бұзақының бізге қатысы жоқ» деген мақаланы назарыңыздан тыс қалдырмаңыз.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - «Астана» журналының бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат. Екеуара әңгіменің толық нұқсасын оқығыңыз келсе, басылылымның сенбілік нөмірінде жарияланған «Нағыз оқырман ғана шында да, сында да бірге болады» деген тақырыпқа көз қырыңызды салыңыз.