Мал шаруашылығындағы инновация жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Л. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасымыздың биылғы Жолдауында аграрлық секторда етті мал ша­руашылығын дамыту бағытында ірі жоба жүзеге асырылатыны айтылған еді.

Үкімет аталмыш жобаны жүзеге асыру бағытында іс-шараларды бастады. Мұндай жұмыстар өңірде де қолға алынуда. Сондай шараның бірі - ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, 4-5 сәуір күндері басында Оралда өткен «Инновациялар - аграрлық салаға» атты облыстық семинар-кеңес. Екі күнге созылған жиынды облыс әкімдігі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ бірігіп ұйымдастырды. Алқалы басқосуға ҚР АШМ-ға қарасты ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары мен агроөнеркәсіп саласының қызметкерлері және өңірдегі ірі шаруашылық жетекшілері қатысты.

Семинар-кеңестің «шымылдығы» Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ашылды. «Мал шаруашылығын дамыту бағытында мемлекет тарапынан үлкен бетбұрыс жасалып отырғаны белгілі», - деді жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықов. Оның сөзіне қарағанда, мал басын, оның өнімділігін өсіру, сапасын жақсарту үшін ірі жобалар қолға алынды. Сөйтіп мал өнімдерін жаңа нарыққа шығару көзделуде.

«Мемлекет басшысы айтқандай, 2016 жылы ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Біздің экономикалық жағдайымызды арттыратын бұл істі жүзеге асыруға еліміздің әлеуеті, табиғи-климаттық жағдайы толығымен жетеді. Ақ Жайық өңірі де бұл іске сүбелі үлесін қоспақшы. Бізге енді халықаралық талапқа сай ет өндіру керек. Оған қазіргі көзқарасымыз, жұмыстарымыз үйлеспейді. Ісімізге жаңа технологияны, инновацияны енгізуіміз қажет. Ауылдағы кездесулерде, аудандағы жиындарда біраздан бері осы мәселені айтып келеміз. Өкінішке қарай облысымыздағы көптеген шаруашылық жұмысын жетілдіру, жаңаша іс бастау бағытындағы қадамдарға бармай отыр. Жағдай жасалмай отыр деп және айтуға болмайды. Мәселен, шаруалар соңғы жылдары түрлі бағдарлама бойынша субсидиялар алуда. Мемлекеттің беріп тұрған қаражатын пайдаланып, жаңалықтарды енгізу бағытында жұмыстануға болады ғой. Ертең мемлекет тарапынан оған да қолдау болады. Сол себепті әліптің артын күтіп отырмай, іске тезірек кіріскен жөн. Ешкімге сенбеушілігіміздің кесірінен біраз уақытты жоғалтып алдық. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығына қолдау барда бұл іске тезірек кіріскеніміз жөн. Жалпы, мұндай жаңалықтарды ғылыми негізсіз жүргізу қиын. Жаңа технологияларды енгізуде біз негізінен көп жылдық ғылыми-өндірістік тәжірибесі бар Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға үміт арта аламыз. Шаруашылық жетешілері бұл оқу орны ғалымдарының төрт түлікті асылдандыру, өнім сапасын жақсарту, малдәрігерлік қауіпсіздік бағытындағы іс-тәжірибелерімен жете танысып, соларды өз жұмыстарында пайдалансын деген ниетпен осынау семинар-кеңес ұйымдастырылып отыр», - деді ол.

Жиында баяндама жасаған аталмыш университеттің ғылыми-зерттеу институты директоры Нұрлан Серғалиевтің айтуынша, БҚАТУ-дың аграрлы салаға арнаған инновациялық жобасы көп. Олардың арасында қазіргі заманғы генетикалық әдістер бойынша асыл тұқымды малдың ата тегін анықтау, генеқорды сақтау, ғылыми негізде қолдан ұрықтандыру шаралары бар. Селекциялық жұмыстарда мал азығына жете мән беріледі. Сол себепті ЖОО ғалымдары шаруашылықтардағы жемшөп базаларының жақсаруына үлес қоса алады. Осы бағытта жайылым жағдайы зерттеліп, оның құнарлылығын арттыру бойынша да жұмыстар жүргізілмекші. Сондай-ақ төрт түліктегі жұқпалы және паразиттік паталогияларды алдын алу, тану, емдеу шараларын жүзеге асырады.

Ал өз кезегінде сөз алған университет доценті Аманжол Зинуллин облыстағы мал шаруашылығына, соның ішінде жылқы мен түйе шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу турасында әңгімеледі. БҚАТУ проректоры Балуаш Траисов қой шаруашылығын дамыту жайында өз ойын ортаға салды.

Cеминар-кеңестің екінші күні облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өтті. Мұндағы әңгіме негізінен мал шаруашылығы саласында қолға алынып жатырған кең көлемді селекция ісіне арналды. Бұл бағдарламаға облыста 75 шаруашылық қатысуда. Алғаш болып сөз алған аталмыш басқарманың бөлім бастығы Қали Ақон өткен жылы мал шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Баяндамашының мәліметінше, былтырғы көрсеткіш бойынша өңірдегі ішкі өнімнің 65,3 пайызын мал шаруашылығының өнімі құрап отыр. Жалпы алғанда бұл салада оңды нәтиже көп. Ірі қарадан басқа мал санында өсім бар. Ойсыл қара тұқымының кенжелеп қалуы сарып ауруымен байланысты. Бруцеллезге байланысты өткен жылы өңірде 22 мың (барлық мал санының 4 пайызы) бас бөлініпті. Алайда кейбір аудандар осыны желеу етіп мал басын негізсіз азайтуда. Мысалы, Бөрліде сарыпқа ұшырағандар аудан көлеміндегі жалпы малдың 1,4 пайызын құраған. Яғни аталмыш ауру оңтүстік аудандармен салыстырғанда төрт-бес есеге аз бола тұра мұндағы мал саны 20 пайызға дейін төмендеген. Мал өнімін өндіруде, төл алуда да осындай келеңсіз жайттар бар. Қазір облыста 32 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс істеуде. Осы шаруашылықтарда тіркелген асыл тұқымдылар жалпы мал санының 2-3 пайызын ғана құрайды. Бұл көрсеткіш он есеге өспей, мал шаруашылығының дамуына әсер ете алмайды. Сол себепті бұл бағыттағы жұмысқа да жете мән берілуі керек.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың кафедра меңгерушісі, профессор Едіге Нысанбаевтың айтуынша, кең көлемді селекция шарасы аясында университет ғалымдары облыстағы қырыққа тарта шаруашылықта болыпты. Алайда көпшілігінде қолдан ұрықтандыру пункті, малды бонитировкалауға қажет құрал-жабдықтар жоқ. Осынау істерді реттемей, селекциялық жұмыс жүргізу мүмкін емес.

«Елімізде былтыр басталған ірі көлемді селекция ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен жаңалықтың бастамасы болды. Осы жүйе арқылы мал шаруашылығындағы отандық селекцияның бағыты айқындалды. Жергілікті жерлердегі нақты жағдайларды айқын білдік. Шаруашылықтардағы көкейтесті мәселенің көптігіне көзіміз жетті. Қазақстанда бұл бағытта жұмыс істейтін ғалымдардың аз екендігі белгілі болды. Отандық селекцияның жағдайы мүшкіл екендігі анық көрінді. Шетелдіктер біздің осынау кемшіліктерімізді пайдаланып, өздерінің арзанқол және жеке бас пайдаларын күйттейтін бағдарламалары мен жобаларын жүзеге асырғысы келіп жүргені аңғардық. Ірі көлемді селекция бағдарламасы осы келеңсіздіктерді жойып, барлық қазақстандық шаруаны бір идеология аясына топтастыратын құжат. Осы құжат шеңберінде еліміздегі барлық малдың 20-30 пайызы асыл тұқымға айналады. Арнайы қауымдастықтар құрылып бұл істің алға басуына септігін тигізеді», - деді жиынды қорытындылаған ҚР АШМ Мал шаруашылығы және ветеренария ғылыми-инновациялық орталығының директоры Анас Баққожаев.

Жиын соңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ және 23 шаруашылық жоғарыда аталған бағыттар бойынша бірігіп жұмыс істеу туралы үш жақты меморандумға қол қойды.