***
«Бүкіл ғұмырын театр және кино өнеріне бағыштаған тума талант, Кеңес Одағының халық әртісі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің бар мұрасы, режиссерлік қолтаңбасы сахнада ғана емес, көрермен жүрегінде де өшпес із қалдырғаны ақиқат», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санындағы «Мәмбетов неге мұңайды?» деген тақырыптағы мақаласында. Мақала авторының жазуынша, бірнеше жыл бұрын журналистік әуестікпен Әзірбайжан Мәмбетов туралы мақала жазу барысында ол кісінің жары, белгілі опера әншісі Қорлан Қалиланбекованың қолынан күтпеген жерден Әзекеңнің бұрын еш жерде жарияланбаған фотосуретін алған. «Бәрімізге таныс Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов қан жылап отыр. Басы жарылған. Бет-әлпетінен қиналыс сезіледі. Бұл - Әзекеңнің 1986 жылы, Желтоқсан көтерілісі кезінде жастармен бірге өзі де соққы алып, ауруханаға түскен сәті екен», - деп жазады автор.
Бүгінгі таңда кәсіпкерлікті дамытуға арналған GEM жобасы бойынша еліміздің кәсіпкерлік белсенділігі 13,7%-ды құрайды. Ол дегеніміз еліміздің еңбекке жарамды тұрғындарының орта есеппен 13 пайызға жуығы осы салаға басымдық береді деген сөз. «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бұл жөнінде Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Нұрлан Құлбатыров мәлім етті. Оның айтуына қарағанда, бүгінде аталған GEM жобасына 73 мемлекет қатысып отыр. Бұл жоба көптеген елдер үшін бизнес ортаны жақсартуға байланысты оңтайлы шешім қабылдау құралына айналды. Және де елдер арасында кәсіпкерлік деңгейін анықтау және осы саланы дамытуға түрткі болу мақсатындағы GEM жобасы Дүниежүзілік экономикалық форуммен бірлесе отырып, бәсекелестік пен кәсіпкерлік белсенділікті арттыру бағытында зерттеу жүргізуді дәстүрге айналдырды. Жиын барысында Назарбаев Университет Жоғары бизнес мектебі, «Global Entrepreneurship Monitor» жобасының ұлттық үйлестірушісі Ләйла Ерғожаның айтуынша, орта есеппен алғанда, еліміздің еңбекке жарамды халқының 15 пайызы алдағы жартыжылдықта өз бизнесін ашуды жоспарлайды екен. АҚШ, Канада, Австралия және Сингапур елдерінің тұрғындарына қарағанда, қазақстандықтар жеке кәсіпкерлік жайын жиі ойлайтын көрінеді. Мақала «Елімізде жастар бизнес бастауға бейім» деген тақырыппен берілген.
***
Парламент Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы елімізде жалғызбасты аналардың көбеюі мен қыз алып қашу фактілерінің жиілеп кетуіне ерекше алаңдайды. Әлеуметтік мәселелерге байланысты ойларын ашық білдіріп жүрген халық қалаулысы «Айқын» газетіне берген сұхбатында берік отбасын құрумен қатар, жақсы келін мен ене атанудың жолдарын ашып көрсетті. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Мен алып қашуға түбегейлі қарсымын. Қыз деген көшеден алып кете салатын зат емес. Мұнда адамның тағдыры жатыр. «Жалғыздық құдайға жарасқан» демекші, адам жалғыз өмір сүре алмайды. Отбасын құрып, балалы-шағалы болуы керек. Болашақта сен жан жарыңмен тату-тәтті өмір сүруің үшін отбасын құру шешімін келісіп, өзара ақылдасып қабылдау керек», - дейді. Сұхбат «Менің замандастарыма кінә артудың қажеті жоқ» деген тақырыппен берілген.
«Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп». Кез келген адам білмейтін істі бастаудан қорқады. Адамдардың сақтану инстинкті болады. Көпшілік осыны ұстанады. Екіншіден, істің қыр-сырын білмегендіктен, көбісі тәуекелге бара алмайды». Бұл пікірді «Айқын» газетінде "Кәсіп бастаудан неге қорқамыз" деген мақаласында Ахметбек Нұрсила білдіріпті. Оның пайымынша, қазір заман басқа. Кәсіпкерлік дамыды, бәсекелестік күшейді. Бұрынғыдай бір жерден дүкен ашып, кәсіп бастап кету аздық етеді. Ол үшін кәсіпкерліктің теориясы мен тәжірибесін қатар меңгерген абзал. «Қарап отырсақ, Қазақстанға келіп, кәсіп жасап отырғандар өте көп. Олардың дені өзге елдің азаматтары. Жапониядан, Кореядан, Түркия мен Қытайдан келіп, кәсіп ашып жатқандар бар. Егер Қазақстанда кәсіп ашу қиын болса, олар біздің елімізге келмес еді. Сондықтан кеш болмай тұрған кезде, бізге заманауи технологияны меңгеріп, кәсіп ашуды қолға алғанымыз абзал. Өйткені бүкіл әлем ғаламторлық дүкенге көшіп жатыр. Бұл алушыға да тиімді әрі уақытын үнемдейді. Интернет-дүкеннің бағасы супермаркетке қарағанда, әлдеқайда арзан. Оның тағы бір артықшылығы, сатушы ұстамайды, жалға дүкен алмайды», - деді ол.