Мамырдың 31-і - Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып қалпына келтірілуі тиіс - ашық хат

АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының кезекті отырысында  20-30 жылдарда орын алған алапат ашаршылық мәселесі талқыланды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «1916 жылы 6 миллионға жеткен қазақтың 1933 жылы 2 миллионы ғана қалды. 1918-22 жылдардағы ашаршылық 1 миллион 700 мыңдай, 1932-33 жылдардағы ашаршылық 2 миллион 300 мыңға тарта кісінің өмірін жалмады. Бұлар негізінен ауылдағы қазақ шаруалары еді», деді жазушы Смағұл Елубай аталған мәселеге байланысты қабылданған ашық хатты оқып беру кезінде.

 «Билік басындағы большевиктердің бұл тарихи қылмысын халыққа қарсы жасалған мемлекеттік геноцид деп білеміз. Бұл сұрапыл қылмысқа осындай саяси баға берілген соң ашаршылық құрбандарына арнап ҚР Парламенті мен Үкіметі мынандай мемлекеттік шараларды қолға алу керек деп білеміз: жыл сайын аталып жүрген мамырдың 31-і - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні өзінің бастапқы 90-шы жылдарда ҚР Парламенті ұсынылған атауы, яғни мамырдың 31-і -Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып қалпына келтірілуі тиіс. Екіншіден, сол күні барлық мешіттерде ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарының аруағына арналып құран оқылып, еске алу шаралары өткізілуге тиіс», делінген ашық хатта.

 Сонымен қатар, онда Астана немесе Алматы қалаларында ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын мемориалдық кешен салу мәселесі аталып өтілген.

 «Бұл кешенді көріп шыққан жас ұрпақ Қазақстанның нәубетті тарихын көзбен көргендей, мол отансүйгіштік тәлім-тәрбие алатындай болуы керек», дейді С. Елубаев.

 Ашық хатта 20-30 жылдарда орын алған алапат ашаршылық мектептерде қазақ тарихындағы ең алапат ұлттық қасірет ретінде оқытылуы керек екені белгіленген.