Манарбек Ғабдуллин БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен әділет полковнигі Манарбек Ғабдуллин БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Фото: ҚР ІІМ
Аталмыш департаменттен түскен мәліметке қарағанда, Манарбек Серікқалиұлы 1969 жылы дүниеге келген.
Ішкі істер органдарында 1994 жылдан бері қызмет атқарып келеді.
Соның ішінде 2006-2013 жылдары БҚО ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, 2013-2016 жылдары осы департаментте ішкі істер басқармасының бастығы, 2016-2018 жылдары жергілікті полиция қызметінің бастығы, 2018-2020 жылдары БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары болды.
2020 жылдан күні бүгінге дейін Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы қызметін атқарды.
Осы кезге дейін БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы болған Азамат Ізтелеуов Атырау облысына дәл сондай қызметке ауысты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Арман Оразәлиевтің БҚО полиция департаментінің бастығы болып тағайындалғанын жазған едік.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).