АСТАНА. ҚазАқпарат – Ағылшындық «Манчестер Юнайтед» Нидерланд құрамасының шабуылшысы Коди Гакпо үшін 50 млн еуро төлеуге дайын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
The Telegraph мәліметіне қарағанда, аталмыш клубтың бас бапкері Эрик тен Хаг Гакпоны команданың басты трансферттік мақсаты деп есептейді.
Биылғы маусымда 23 жастағы шабуылшы ПСВ клубы және ел құрамасы сапында барлық жарыста 18 гол соғып, 18 нәтижелі пас берді.
Коди Гакпо Қатарда өтіп жатқан әлем чемпионатында бес матчта үш гол соғып, көзге түсті. Мамандар ол «Манчестер Юнайтед» клубымен келісімшартты үзген Португалия шабуылшысы Криштиану Роналдуды алмастыра алады деп отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Месси мен Мбаппенің үздік ойыншылар тізімінде көш бастап тұрғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Марокко әлем чемпионатында қола медаль алған 15-інші құрама атануы мүмкін.
Фото: Голубович Дмитрий, «Чемпионат»
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).