***
Сәтімен басталған Қазақ хандығының 550 жылдығына орай кеше елордадағы «Назарбаев Университетте» «Мәңгілік Ел» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияның ашылу салтанатында алғашқы сөзді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова алып, бұл конференция қазіргі заманның талабына сай салынған еліміздің білім мен ғылым орталығы «Назарбаев Университетте» болып отырғанын, алқалы жиынға 1500 адам қатысса, оның 900-і этнологтар мен археологтар, философ және саясаттанушы ғалымдар, белгілі мемлекет, қоғам және өнер қайраткерлері екенін еске салды. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Мәңгілік Ел» мәйегі тарихтың алтын дәйегі» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конференцияға қатысушыларға және шетелдік қонақтарға арнаған құттықтау хатын оқып берді. Елбасы өз құттықтауында: «Біз үш мың жылдан әріден бастау алатын ұлы тарихтың иесіміз. Қазақ хандығы тұтас Еуразия құрлығын алып жатқан сақ, ғұн мемлекеттерінің, одан кейінгі Түрік қағанаты мен Алтын Орданың заңды мұрагері. Біз, бүгінгі қазақстандықтар ұрпақ сабақтастығын берік ұстап, ұлы бабаларымыздың жасампаз жолын лайықты жалғастырушылармыз. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы тарихи сананың берік іргетасына арқа сүйейді. Бұл қазақстандық патриотизмнің маңызды қыры», - делінген.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Оңтүстіктен солтүстікке үш мың студент аттанды» деген тақырыппен ақпарат жарияланды. Онда жақында оңтүстіктің үш мың студенті «Мәңгілік Ел жастары индустрияға» бағдарламасы аясында солтүстікке сапар шеккені айтылған. Басылымның жазуынша, «Серпін» бағдарламасы бойынша 19 оқу орнына техникалық және педагогикалық мамандықтарға 5 мың грант, 34 колледжге 1200 грант бөлінген. «Павлодардағы Жаяу Мұса атындағы Ақсу колледжіне қабылданған Айтілеудің анасы Сұлу Махан баласының болашағы үшін енді алаңдамайтындығын айтады. Кәсібін меңгеріп шығады. Студенттерге шәкіртақы, жатақхана және қыстық киімдер беріледі. Бәрі тегін. Оның сыртында екі рет еліне барып келуге жолақы қарастырылған. Бағдарлама бойынша 6495 жас өтініш жазса, оның 3 мыңнан астамы грант иесі атанды. Екі жаққа да тиімді бағдарлама мезгілі жеткен түйінді осылайша тарқатады», - деп жазады басылым.
****
«Айқын» газетінің бүгінгі санында жазушы, Мәжіліс депутаты Алдан Смайылмен арадағы сұхбат «Бабалардың ерлігін дәріптейік!» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Иә, биылғы жыл Қазақ мемлекеттілігінің емес, Қазақ хандығының 550 жылдығы. Ал Қазақ мемлекеті өте ертеде құрылды. Тарихымыз сонау көк түріктер заманынан басталады. Ал мемлекеттік айқын көрініс тапқан, өз алдына алып ел болған, басқа елдерге күшті ықпал еткен кез Алтын Орда дәуірі. Қазақ мемлекетінің дәуірлеген тұсы осы Алтын Орда заманы болатын. Ал Қазақ хандығы болып бөлінген кез, әрине, Керей мен Жәнібек хандардың тұсы. Бұған ешкім де дау айта алмас. Қазақ халқының оңаша отау құрған кезеңі осы жерден басталады», - деді.
Осы басылымда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тағы бір Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметовпен де сұхбат жарияланды. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген депутат. «Керей мен Жәнібектің таққа отырғанына 550 жыл болғанын бүкіл ел, барша адамзат тойлайтын болса, онда біздің көздеген мақсатқа қол жеткізгеніміз. Неге десеңіз, бұл қазақтың бұрыннан мемлекет болғандығының дәлелі. Жасыратыны жоқ, кеңестік үкімет кезінде «қазақ халқы ұлы октябрь революциясына дейін екі-ақ пайыз сауатты болған» деп жазылды. Қалай жүрегіңіз ауырмайды?! Олай болуы мүмкін емес. Біздің бабаларымыз сауатсыз болса, олар қалай әдебиеттің негізін қалады? Бір ғана Әбу Насыр Әл-Фарабидің қазақ жерінен шығуының өзі көп нәрсені дәлелдемей ме? Егер Әл-Фараби сауатсыз болса, қалай бүкіл әлемге танылды? Ғылымда негіз болуы керек. Негіз болмаса, ғалымдар шықпайды. Демек, қазақ ғылымының негізі бар деген сөз. Отырар кітапханасы туралы да жиі айтамыз. Әлемдегі ең үлкен кітапхананың бірі Отырар қаласында болуы көп нәрсені аңғартпай ма? Өзіміздің отырықшы ел болғанымызды, бізден қаншама ғұлама ғалымдар шыққанын әр-әр жерде жазып жүрміз. Бірнеше ғылымды меңгерген ғұламалардың қазақ жерінен шыққаны туралы да деректер бар. Біреуі ботаника, біреуі география, біреуі музыка ғылымын меңгерген. Қазақтың тарихын ғылыми негізде зерттеп, тайға таңба басқандай зерделеп шығар болсақ, ол келешек ұрпақ үшін қажетті, құнды дүние болар еді. Біздің аспаннан аяғымыздың салбырап түспегенін өзгелер білуі тиіс», - дейді. Сұхбат «550 жылдықтың тарихи мәні бар» деген тақырыппен берілген.