«Мәңгілік Ел» пойызы Атырауға келді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай елордадан сапарға шыққан «Мәңгілік Ел» арнайы пойызы 8 наурыз - халықаралық әйелдер күнінде Атырау қаласына келді.

Қонақтарды қарсы алу рәсімінен кейін пойыз құрамындағы 100-ге жуық мамандар мен сарапшылар тұрғындармен кездесіп, түрлі мәселелер бойынша кеңес берді. «Бір ел-бір тағдыр» ұранымен қадам басқан мемлекеттік әлеуметтік сала мамандары, заңгерлер, мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері өз құзыреті шеңберінде жалпы саны 5 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызмет көрсетті.

Атырау облыстық ХҚКО филиалының директоры Тұрлан Нұржановтың айтуынша орталыққа қала тұрғындары жер, тұрғын үй мәселелері, кәмелетке толмаған балаларға алименттер тағайындау, сот шешімдерінің орындалмау мәселелері сияқты әртүрлі сұрақтармен келуде. Сондай-ақ, келушілердің тең жартысы қажетті мәселесі бойынша толық кеңес алып, ризашылығын білдіріп жатса, қалған азаматтардың мәселелерінің шешімдері қарастырылу сатысында - деп Тұрлан Нұржанов өз сөзін тұжырымдады.

Өңірде халыққа қызмет көрсетіп жатқан «Мәңгілік ел» пойызының келесі аялдамасы Шалқар станциясы болмақ, деп хабарлады Атырау облыстық ХҚКО филиалынан.