«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, қазіргі таңда Каспийдегі мұнай қоры 25 милиард баррель деп есептеледі. Ал Лондондағы зерттеу орталығының мәліметінше, Каспий теңізінің түбінде 68 миллиард баррель мұнай бар. Соңғы жылдары елімізде жүргізілген бұрғылау жұмыстары тек Шығыс Қашаған кен орнының өзінде ғана 7 миллиард тоннаға жуық қара алтынның қоры барын анықтады. Ал әлемдегі зерттелген барлық мұнай қорының 150 миллиард тонна екендігін ескерсек, қарт Каспийдің қойнауына бүккен қазынаның қаншалықты қымбат екендігін түсіну қиын емес. «Сондықтан да Каспий теңізінің оны қоршаған мемлекеттер үшін экономикалық және стратегиялық маңызы аса зор. Күні бүгінге дейін 5 мемлекеттің теңізді бөліскендегі үлесі толық анықталып, болмағандығын ескеретін болсақ, бұл мәселенің саясаттағы алар орнының күрделі екендігін түсінеміз», дейді басылым тілшісі. Елімізде өткелі отырған V Еуразиялық энергетикалық форумда көтерілетін бұндай мәселелер жөнінде «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Кәрі Каспийдің күнгейі мен көлеңкесі» атты мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында ауғандық қыздардың 13 жастан тұрмысқа шығуы, есірткі саудасының қоғамды меңдеп алуы сияқты келеңсіздіктер аталмыш мемлекеттің ілгері жылжуына айтарлықтай кедергі келтіріп отырғандығы жазылған. Есірткі есіргендердің ермегі ғана емес, үлкен саясатқа ықпал ете алатын күштердің пайда көзіне айналып отыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Тағдыры талайлы Ауғанстан» атты мақаладан біле аласыздар.
***
«Айқын» басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысына қарасты «Талды-2» қорымында қазба жұмыстары кезінде қазақ даласындағы төртінші «Алтын адам» табылған. Қазіргі таңда жергілікті халық аталмыш аймақта ареологиялық қазба жұмыстарының тоқтатылуын талап етуде. Себеп - мәңгілік тұрақ мекенін қайта қазып, мазасын алғаны үшін Сақ жауынгерінің аруағы мазасызданып, белгі бере бастаған көрінеді. Мысалы ауыл тұрғындарының арасында қас қарайғаннан-ақ көше бойы екі метрге жуық, көзі от шашқан белгісіз сұлбаны көргендер бар. Бұл туралы басылымның осы санындағы «Алтын адамның» ауылдастары неге наразы?» атты мақалада егжей-тегжейлі жазылған.
Осы басылым тілшілерінің хабарлауынша, қазақтілді басылымдар ғаламторға қанатын кең жая бастады. Енді Қазнетте, яғни Интернеттің қазақстандық бөлігінде қазақ тілді БАҚ сайттарының ортақ платформасы пайда болмақ. Байланыс және ақпарат министрлігі қабырғасында өткен қазақ тілді ақпарат құралдарының веб-ресурстарын дамыту жөніндегі кеңесте көтерілген мәселелер жөнінде «Айқынның» бүгінгі санындағы «Қазақ тілді сайттардың саны артады» атты мақаладан білесіздер.
***
«Алаш айнасы» газеті бүгінгі санында Қызылжарда ағымдағы жылдың өткен 8 айында қос азаматтық алудың 81 фактісі тіркелгендігін жазып, дабыл қағыпты. Басылым тілшілерінің хабарлауынша, Олардың оң қалталарында Қазақстанның көк куәлігі жүрсе, сол қалталарында Ресейдің қызыл паспорты қылаң берген. Еліміздің Конституциясында да, азаматтық туралы заңнамада да қос азаматтыққа қатаң тыйым салынған. Басқа елдің азаматтығын алған күні ол бірден қазақстандықтар тізмінен шығарылады. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, өткен жылы қос паспорты барлар саны - 154 адам болған екен. Белең алып бара жатқан жәйт ұлттық қауіпсіздігімзге де қауіп төндіріп тұрғаны даусыз. Бұл туралы басылымның «Қызылжарлықтар неге қос азаматтыққа құштар?» атты мақаласынан біле аласыздар.
Сондай-ақ, «Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Ресей 2001 жылы тамыз айының 30-ында Байқал көлін қорғауға қатысты маңызды қаулы қабылдаған. Оның үстіне аталмыш елде «Байқал көлін қорғау туралы» федералды заң да бар. Осы құжаттар арқылы ресейліктер Байқал маңында жүзеге асырылатын барша өнеркәсіптік, өндірістік қатынастарды реттеп алды. Ал осындай құжат қабылдау қажеттігі туралы және Балқаштың экологиялық ахуалы нашарлап бара жатқандығы жөнінде жоғары дегейде әңгімелер қозғалып, бірнеше мәрте форумдар, акциялар, депутаттық талқылаулар, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылған. Алайда арада он жыл өтті. Ал заң қабылданған жоқ. Неге? Аталмыш сауалдың жауабын «Алаш айнасының» бүгінгі санындағы «Балқаш көлі туралы заң қабылдауға не кедергі?» атты мақаладан таба аласыздар.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан көші-қон саясаты өзінің жемісін беруде. 2004 жылдан бастап, миграция сальдосының оң бағытқа бет алғандығы байқалуда. Бұл өз кезегінде еліміздің демографиялық ахуалына жағымды әсер етуде. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері Қазақстан азаматтығын 600 мың адам алған. Ал ел экономикасының жаһандық дағдарыс тұсында да тұралап қалмағандығына байланысты мигранттар көшкіні бір сәт те толастаған емес. Соңғы жылдары еліміздің азаматтығын алу шаралары біршама жеңілдетілді. Елімізге келушілерге бейімдеу орталықтары көмек көрсетіп, материалдық тұрғыда да қолдау көрсетілуде. Аталмыш мәселе жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Где родился, там и пригодился» атты мақаладан білуге болады.