АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтауда полиция департаментінің басшыларына қатысты анонимді ұжымдық хат таралғаннан кейін, ҚР Ішкі істер министрлігінің комиссиясы келіп, тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
— Маңғыстау облыстық полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов өзінің бастамасымен Ішкі істер министрлігіне және тиісті органдарға интернетте тараған анонимді хаттағы мәліметтерді тексеруді сұрап хат жолдаған. Ведомство басшысы тексеру жұмыстарына мәслихат пен қоғам өкілдерін де қосу арқылы процестің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді ұсынды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, 19 қарашада әлеуметтік желілерде өңірдің бас полицейі мен оның орынбасарларын ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыптаған ұжымдық арыз тараған болатын. Сол кезде полиция департаменті айыптауларды жоққа шығарып, бәрін фейк деп атады.
Бұған дейін, Маңғыстау полициясының бастығы туралы фейк ақпарат тарады.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.