– Әсел Аманбекқызы, Маңғыстау облысында сирек кездесетін аңдар мекендейтінін фототұзақпен түсірілген суреттер дәлелдеп отыр. Осы орайда өңірдегі аңдардың санағын жүргізуге мүмкіндік бар ма?
– Ауыл шаруашылығы министрінің «Қазақстан Республикасының аумағында жануарлар түрлерін есепке алуды жүргізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, біздің басқармаға қарайтын «Қызылсай мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ жабайы аңдар санағын жүргізеді. Орман шаруашылығы комитетімен келісім-шартқа отырған «Охотзоопром» РМҚК мен Зооинститут мамандары да жойылу қаупі төнген арқар, қарақұйрық сияқты тұяқты жануарлардың санағын көктем мен күз айларында жүргізіп тұрады. Былтыр 5-11 қазан аралығында жүргізілген санақтар барысында 1059 бас үстірт арқары, 73 бас қарақұйрық есепке алынды. Фототұзақ суретке түсіріп алған ақ қасқыр өте сирек кездесетіндіктен, оның өңіріміздегі нақты санын анықтау мүмкін болмай отыр.
2023 жылы сирек аңдар жүруі мүмкін деген маңдарға қойылған UOVision GREEN-30 маркалы 38 фототұзақ 17 мыңнан астам сурет түсірген. Камералар жойылып кету қаупі төнген, Қазақстанның Қызыл кітабына енген аң-құстарды суретке түсіріп, бейнежазба да жасайды. Сондай материалдардан өңірімізді Үстірт арқары, ақ қасқыр, қарақұйрық, қара қарын, дала мысығы, лашын, бүркіт сияқты көптеген сирек аңдар мекендейтінін анықтадық.
Біз фототұзаққа түскен аңдар мен құстар бойынша жаңалықтарды, деректерді әлеуметтік желіде тұрақты жариялап отырамыз. Ондағы мақсатымыз – көпшілікке бұл аң-құстарды аялау қажеттігін, табиғатқа деген жанашырлықты дәріптеу.
– Маңғыстаудың шөлейтті аумағындағы елді мекендерде құм көшкінін бөгеу, құмды дауылдан қорғау үшін қолға алынған шаралар туралы айта отырсаңыз. Құмнан қауіп төнген ауылдардың айналасына сексеуіл, жыңғыл отырғызу жұмыстары қалай жүзеге асты?
– Облыста елді мекендерді көшпелі құмнан қорғау мақсатында сексеуіл егу жұмыстары 2004 жылдан бері жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде, Сенек, Үштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарының айналасында 3329 гектар аумақты қамтыған оазис пайда болды. Былтырғы жылдың өзінде 26,81 гектар аумаққа 36 201 сексеуіл, 27 151 жүзгін және 27 151 жыңғыл ағаштары отырғызылды. Биыл Бейнеу ауданы Тәжен, Сыңғырлау, Сам, Тұрыш, Ақжігіт, Ақшымырау ауылдарында, Қарақия ауданы Сенек, Бостан ауылдарында, Маңғыстау ауданы Жармыш ауылында және Түпқараған ауданы Таушық ауылында құм көшкінін тоқтату үшін осы елді мекендердің айналасынан жасыл белдеу жасауға конкурс жарияланды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Қошқар ата қалдықтар қоймасының айналасында да жасыл белдеу пайда болды. 2021 жылы басталған бұл жұмыстар 2027 жылға дейін жалғасады.
– Киіктердің популяциясын сақтау жұмыстары қалай жүріп жатыр? Киіктер өңір шаруаларына өзге өңірлердегідей қандай да бір зиян келтіріп отырған жоқ па?
– Еліміздегі киіктер Бетпақдала, Үстірт және Орал популяциясы болып бөлінеді. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарын киіктердің Үстірт популяциясы мекендейді. Санақтардың қорытындысына сүйенсек, бұл популяцияның жалпы саны 2022 жылы 28 мың бас болса, 2023 жылы 39 700 басқа жеткен.
Киіктердің үстірт популяциясы негізінен Ақтөбе облысын мекендейді. Маңғыстау аймағында Бейнеу ауданындағы «Есет», «Көлеңкелі» табиғи қаумалдарына және Ақтөбе облысымен шекаралас аумақтарға тек маусымдық көші-қон кезінде ғана, әсіресе көктем айларында келеді. Сондықтан, Маңғыстау облысында киіктерді тұрақты қадағалау жүргізілмейді.
– Облыста құрылыс қалдықтарына арналған полигон ашу жоспары бар еді. Осы мәселенің барысы қалай болып жатыр?
– Облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау үшін арнайы жобамен салынған жеті полигон және санитарлық талаптарға сай келмейтін 16 қоқыс төгу орны бар. Қазір сондай бейберекет қоқыс орындарын азайту мақсатында Боранқұл, Ақжігіт, Жыңғылды, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов елді мекендері үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды көму полигондарын салынбақ. Бүгінде сол полигондардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
2021 жылы «ECSAD» ЖШС-не Ақтау қаласынан 52 шақырым жерден өндіріс және тұтыну қалдықтарын қайта өңдеу кешенін салуға 20 гектар жер телімі берілген болатын. Қазіргі уақытта құрылыс жүріп жатыр. Кешен жанынан сұрыптауға келмейтін қалдықтарды көму полигоны мен құрылыс қалдықтарын қабылдау, оларды уақытша сақтау орны жасалады. Бұл кешен Ақтау қаласын, Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов елді мекендеріне қызмет жасайды.
Сонымен қатар, былтырғы жылы өңірдегі қалдықтарды кәдеге жарату мен бейберекет қоқыс үйінділерін, Шетпе ауылындағы карьерлерді жою бойынша әс-шаралардың арнайы бағдарламасы жасалған.
Облыс орталығы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарушы ұйым «Каспий Оператинг» ЖШС Ақтау қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, соғыс ардагерлеріне және сексен жастан асқан азаматтарға жеңілдіктер қарастырған. Сонымен қатар, жер үй тұрғындарының қоқысқа шығарған ірі көлемді заттары мен құрылыс қалдықтарын қоқыс шығарушы ұйымдар тегін шығарып жүр.
Айта кету керек, бейберекет қоқыс үйінділері – бүгінде өзекті экологиялық мәселе. Облысы бойынша былтыр рұқсаты жоқ 111 қоқыс үйіндісі анықталып, олардың жүзге жуығы жойылды. Қалған қоқыс үйінділері ақпан айының соңына дейін тазартылады.
– Каспий теңізінің Ақтаудағы жағалауы қоқысқа толып бара жатқаны жиі айтылады, оны тазарту шаралары қолға алынған ба?
– Жыл сайын облыс әкімінің қаулысымен көктемгі, күзгі сенбіліктер өткізіледі. Тазалау шараларына облыстық басқармалар, мемлекеттік органдар, экология белсенділері, аудан-қала тұрғындары қатысады. Сенбілікке қатысушылар барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Теңіз жағалауын шашылған қоқыстардан тазартуға келгенде ақтаулықтар белсенділік танытып жүр, экологиялық ахуалға бей-жай қарай алмайтын азаматтардың көбейе түскені қуантады.
Биыл көктемгі сенбіліктер 1 наурыздан 30 мамырға дейін жалғасады. Ал күзгі сенбіліктер 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығына жоспарланған.