Маңғыстауда 3,5 мың жұмыс орны ашылатын авиациялық хаб құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі өндірістік, энергетикалық, көлік-логистикалық және туристік нысандардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Үкімет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әуе хабтарын белсенді дамыту және оларды жаһандық логистика тізбегіне кіріктіру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет әуежай инфрақұрылымы мен ішкі тасымалдарды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Ақтау халықаралық әуежайында бірінші вице-премьерге әуежай базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы таныстырылды. Кешенде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, әуе жүктерін тасымалдау, мамандар даярлау және логистикалық қызметтерді бір алаңға шоғырландыру көзделген. Жоба іске асқаннан кейін 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Нұрлыбек Нәлібаев «Кендірлі» әуежайының құрылыс барысын да тексерді. Қазір құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 49%-ға жеткен.

– Әуежайдың ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200 метр, ені 35 метр болады. Жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Қазір ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы, периметрлік қоршау мен кірме жол, сондай-ақ жолаушылар терминалы және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып жатыр. Әуежайды биылғы жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған, – делінген Үкімет ақпаратында.

Жаңаөзен қаласында бірінші вице-премьер салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауытының құрылысымен танысты. Стратегиялық нысан жылына 900 млн текше метр табиғи және ілеспе газды өңдеуге қауқарлы болады. Зауытты 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Ақтауда салынып жатқан «Нұр» санаторлық-сауықтыру кешенінің жобасы да таныстырылды. Оның басты ерекшелігі – жерасты табиғи термалды су көзін емдік-сауықтыру мақсатында пайдалану.

Кешенде 175 нөмірі және 320 төсек-орны бар санаторий салынады. Мұнда оңалту бөлімшелері жұмыс істеп, физиотерапия, массаж, балшықпен емдеу және ингаляция қызметтері көрсетіледі. Бұдан бөлек, жабық бассейн, сауна, хамам, екі асхана және 120 орындық конференц-зал қарастырылған. Құрылыс 2026 жылдың IV тоқсанында аяқталып, кешен толық іске қосылғаннан кейін 100 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сапар барысында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де назар аударылды. Нұрлыбек Нәлібаев Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты және Ақтау халықаралық контейнерлік хабының қызметімен танысты.

Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 млн тонна болса, Құрық портының өткізу қабілеті – 6 млн тонна. Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жобалық қуаты жылына 240 мың жиырма футтық эквивалент контейнерге жетеді. Хабтың бірінші кезеңі 2026 жылғы наурызда пайдалануға берілген.

Бұл нысандарды дамыту Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын ұлғайтып, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар өңірдің химия өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды. Бірінші вице-премьер «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қызметі және кәсіпорынды одан әрі дамыту жоспарымен танысты. Сондай-ақ Ақтау қаласында аммиак-карбамид кешенін салу жобасы қарастырылды.

Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын, соның ішінде «МАЭК» ЖШС қызметі мен алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.

Ақтау қаласында салынып жатқан қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысының құрылыс-монтаждау жұмыстары 71,8%-ға орындалған. Нысанды 2027 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Маңғыстауда 536 км электр желісіне күрделі жөндеу толық аяқталды.