Қолөнермен айналысатын кәсіпкерлер ұлттық киім цехтарын ашып, жүннен ойыншық жасап жатыр. Сондай-ақ сәнді қыз жасауын тігіп, құрақ құрайтын шеберлер көбейген. Өңірдегі қыз-келіншектердің кәсіп бастауына мемлекеттен берілетін гранттар, ал бастаған жеке ісін дамытушыларға пайызы төмен несиелер пайдасын тигізіп отыр. Мәселен, гранттар үшін осы жылы Маңғыстау облысына жергілікті бюджеттен 250 млн теңге қаржы қарастырылып, оны 53 кәсіпкер иеленген. Нәтижесінде қосымша 169 жұмыс орны ашылмақ. Ал өткен жылы республикалық бюджеттен 30 млн теңге бөлініп, 4 адам мүмкіндікті пайдаланған.
– Маңғыстауда кәсіп ашуға ниетті азаматтар көбейіп келе жатыр. Оған гранттарға бөлініп жатқан қаражат көлемінің ұлғаюы септігін тигізіп отыр. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беріліп жатыр. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы өтінімге байланысты 5 млн теңгеге дейін жетеді. Ол шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстық комиссияның қорытындылары бойынша беріледі. Биыл грант алуға 881 өтінім түсті. Оның 53-і қанағаттандырылды, - деді Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқамасының бас маманы Оспан Нысан.
Жаңаөзен қаласының тұрғыны Рысгүл Мұсаева – осындай қолдаудың арқасында жеке тігін цехын ашып, дәстүрлі қолөнерді табыс көзіне айналдырған жандардың бірі. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алады. Оқу барысында Рысгүл құрақ көрпе тігу жобасын әзірлеп, нәтижесінде қайтарымсыз грантқа ие болды.
– Негізгі мамандығым – мұғалім. Бірақ денсаулығыма байланысты ол жұмысымды жасай алмадым. Қолөнерге деген қызығушылығымды дамытқым келді. Оның үстіне мемлекеттің қолдауы барын білдім. Сөйтіп құрақ көрпе тіге бастадым. Ал Маңғыстауда қолөнер бұйымдарына сұраныс жоғары. Кәсібім дамып келеді. Кәсіпкер ретінде мұқтаж жандарға көмектесуді де әдетке айналдырдым. «Көмек» қорымен бірге әр берілген баспанаға тегін құрақ көрпелер тігіп беріп жүрмін, - деді Рысгүл Мұсаева.
Ал өңірде жаңадан кәсіп бастау үшін грант иеленгісі келетіндердің бағыттары әртүрлі болып отыр.
– Маңғыстау ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігіне ыңғайлы. Дегенмен қолөнер жақсы дамып тұр. Өңірде кәсіпкерліктің тіркелуі бойынша Бейнеу ауданы көш басында. Олар туризм бағытындағы жобаларды көптеп қолға алған. Одан соң Қарақия, Мұнайлы аудандарының тұрғындары жеке ісін жолға қойған, - деді Оспан Нысан.
Бүгінгі таңда кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаулар көп. Атап айтсақ, кәсіпкердің банктен алынған несиелерінің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігі субсидияланады. Кепілге ештеңе қоймай алатын несиелер бар. Оған қоса әлеуметтік кәсіпкерлік бекітілген.
– Жеке кәсіпкер өзін әлеуметтік кәсіпкер санатына жатқызатын болса, кәсіпкерлік басқармасына құжаттарын тапсырады. Әлеуметтік сатыға бірнеше жеңілдік қарастырылған. Мемлекетік гранттар беріледі, төлейтін салықтан босатылады. 5 млн теңгеге дейінгі грантқа қатысуға арнайы жеңілдік болады, яғни, жеке кәсіпкерге шотына жоба қаражатының 20 пайызын салу керектігі міндеттелген болса, әлеуметтік кәсіпкерге қажет етілмейді, - деді ол.
Ал бизнес идеясын іске асырғысы келетін азаматтарға бизнес бастау заңдылықтарын білгені дұрыс.
– Жеке кәсіпкер бизнес бастау үшін бизнес жоспарын құра алуы керек. Жұмысқа қабылдайтын адамдарының қаражаттарын есепке алып, болашағын бағдарлағаны дұрыс. Бизнес жоспарды мамандарға жасатқан кезде кәсіпкер бірге болуы қажет, өйткені кәсіпті жүргізетін бизнес жоспарды құрып берген адам емес, кәсіпкердің өзі. Сондықтан нақты жоспарға жүгініп, барлық тәуекелді зерттеп көруіне кеңес берер едік. Ал өздігінен жасай алмаса, Маңғыстаудағы қала, аудандардың бәрінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бар, онда барлық қызмет түрі тегін, жүгінсе болады, - деді Оспан Нысан.
Бизнеске нақты қадам жасаған адамдар «Бизнес бастау» оқыту бағдарламасы арқылы білімін жетілдіре алады. Оқыту онлайн режимде жүргізіледі.
– «Бастау бизнес» бағдарламасы жеке кәсіпкерлікке алғышарт ретінде қолданылады. Грантқа да сол оқуды тәмамдағаны бойынша берілген сертификаттар талап етіледі. Барлық кәсіпкерлігін бастаушы тұлғаларға арналған. Биыл 6 000-нан аса маңғыстаулық білім алды, өткен жылы 4 000 адам оқыған еді. Бұл көрсеткіштерден өңір халқының бизнеске ынтасы жоғары екенін байқауға болады, - деді Маңғыстау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Рахат Тілегенов.
Ал берілген мемлекеттік гранттар мақсатсыз пайдаланған жағдайда қайтарылады. Маңғыстауда биыл бір кәсіпкер қаржысын негізсіз жаратқан.
- Биыл қайтарымсыз грантты мақсатсыз пайдаланған бір кәсіпкер болды. Ол қаражатты шоттан шотқа аудару заңдылығын бұзған. Қайтару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді Оспан Нысан.
Кәсіпкерлер жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын тауар шығаруға немесе қызмет көрсетуге қажетті негізгі құралдарды, шикізат пен материалдарды сатып алуға жұмсай алады. Материалдық емес активтерді, технология, кешендi кәсiпкерлiк лицензияға құқықтарды сатып алуға пайдалана алады. Зерттеу жұмыстары және жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығыстарға жарата алады.
– Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант қаражатын жылжымайтын мүлік, жер учаскесін сатып алуға пайдалана алмайды. Жалдау ақысының төлемі ретінде, активтерді, бұрын қолданыста болған негізгі құралдарды т.б. дүниелерді сатып алуына болмайды, - деді ол.