Маңғыстауда ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығымен әріптестік туралы меморандум жасалды
Ақтауда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform.
Келісім қала тұрғындарына дәрігерлердің тегін консультацияларын, санаторийлік-курорттық емдеу және медициналық оңалту бойынша қызметтерді алуға, ал қажет болғанда жағдайда ауыр науқастарды емдеуге мүмкіндік береді.
- Медициналық орталық қызметінің аясында білім беру, ғылыми зерттеулер, санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында инновациялық әдістерді іздеу және енгізу саласында түрлі жобалар іске асырылуда. Бүгінгі қол қойылған Меморандум шеңберінде облыс әкімдігімен бірлесіп, жол картасы әзірленетін болады,- деді ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой.
Ортақ келісім нәтижесінде өңірдің медициналық мекеме қызметкерлерін оқыту, аурулардың алдын алу, диагностикалау, жаңа медициналық технологиялар мен инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.
- Бүгінде облыс тұрғындарына 16 стационарлық және 61 мемлекеттік амбулаториялық-емханалық медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетіп келеді. Өңірімізде әлеуметтік маңыздағы аурулардың көрсеткішін төмендету бойынша жылдан-жылға тұрақты оң динамика қалыптасып келеді. Биыл емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 73 пайыздан 92 пайызға дейін жетті,- деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Айта кетсек, осыған дейін ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерге барған еді. КТ, МРТ, УДЗ, маммография, эндоскопия кабинеттеріне, сондай-ақ операциялық блоктарға, хирургия және реанимация бөлімшелеріне барып, дәрігерлермен кездесті.
Ал 6-10 қараша аралығында Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасында нейрохирург, уролог, травматолог сияқты 28 жетекші маманнан құралаған дәрігерлер тобы практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетті. Дәрігерлер 60-тан астам тұрғынға кеңес беріп, оннан астам күрделі ота жасады. Олар сондай-ақ медициналық мекемелердің 200-ден астам қатысушыларына практикалық сабақтар, мастер-класстар, презентациялар мен дәрістер өткізді.