АҚТАУ. KAZINFORM — Облыстық санитариялық — эпидемиялогиялық департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Көркенбаеваның айтуынша, оқиға қыркүйек айында болған. Бейнеу ауданы Бейнеу ауылының тұрғыны, 43 жастағы әйел аудандық ауруханаға 23 қыркүйекте жатқызылған. Тексерулер нәтижесінде науқасқа «құтыру» диагнозы қойылған. Өкінішке орай, әйел 3 күннен соң, аталған дерттен көз жұмған.
— Науқасты тамыз айында белгісіз, жабайы мысық далада жатқанда маңдайынан тістеп алған. Соны дер кезінде, уақытылы медициналық көмекке жүгінбеген. Бұл — құтырма ауруының емі жоқ. Тұрғындарға айтарымыз, егер де белгісіз жануар тістеп алған, сілекейі жұққан, тырнап алған, уынан зардап шеккен жағдайда дер кезінде антирабикалық көмекті алу үшін медицинаға жүгіну қажет, — дейді Гүлнар Көркенбаева.
Осы оқиғадан кейін, Бейнеу аудандық ветеринария станциясының қызметкерлері Бейнеу ауылындағы барлық жануарды тексеріп, бақылау жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде ауру немесе күдік тудыратын жануарлар анықталмаған.
Айта кетейік, Маңғыстауда бұған дейін құтыру ауруы 2004 жылы Жаңаөзен қаласында тіркелген.
Бұған дейін, мысық тістеген маңғыстаулық тұрғынның құтырма ауруынан көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Аягөз Ізбасарова
Ізбасарова Аягөз Оралбайқызы телевизия саласында 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында жүргізуші-редакторлықтан бастап, редактор, шеф-редактор қызметтерін атқарды. Соңғы 7 жылдан бері «Қазақстан» Ұлттық арнасының Маңғыстаудағы меншікті тілшісі. Ақпарат саласының үздігі. Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде 2024 жылғы мамырдан бастап қызмет етеді.