Маңғыстауда тамақтан уланған 2 оқушы жансақтау бөлімінде жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM - Ресми мәліметке сүйенсек, бүгін уланған балалардың саны - 222 ге жетті.
Еске салайық, кеше 7-қыркүйек күні Мұнайлы ауданының емханасына астан уланған 141 бала көмекке жүгінген болатын.
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі ауруханаға түскен оқушылардың жағдайымен танысып, жауапты тұлғаларға уланған балаларға қажетті барлық көмекті көрсетуді және ауруханадағы жұмыс кестесін күшейтуді тапсырды.
-Ауруханада тиісті ем-дом көрсетілуде. Дәрі-дәрмек пен төсек орындары жеткілікті. Дәл қазір ең бастысы, оқушылардың денсаулығы. Науқастардың тез жазылып кетуіне барлық жағдайды жасауымыз қажет. Кейін осы жағдайға байланысты тиісті шаралар мен шешімдер қабылдайтын боламыз,- деді Нұрдәулет Қилыбай.
Ауруханада 67 бала ем қабылдауда. Оның екеуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Облыста әкімдік жанынан құрылған жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан шақыртуларға дереу қызмет көрсету үшін, облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясының 12 негізгі және 4 қосымша бригадасы жұмылдырылды. Оған Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының 4-санатты 4 бригадасы мен Ақтау қаласының 4-санатты 7 бригадасы қосылған.
Маңғыстауда уланған оқушылардың саны 67-ге жеткенін жазған болатынбыз.