«Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс аймағы Маңғыстау телімінің бастығы Құттыбек Шархатбаевтың айтуынша, жаз басталғалы мектептер мен балалар үйлері, туристтік фирмалар мен мұнай кәсіпорындары және тағы да басқа көптеген мекемелер алдын ала - 45 күн бұрын билетке тапсырыс беруде. Күніне осындай мекемелерден 20-25 тапсырыс түсіп, билеттер сатылып кетіп жатыр. Қазіргі таңда Астана бағытына жүретін жолаушылар пойызындағы орындардың 45-50 пайызына бронь жасалған.
Жолаушылар пойыздарының ішінде Астана мен Алматы қалаларына саяхаттаушылар көп. Алматыға пойыз күнде жүретіндіктен, бұл бағыттағы билеттердің тапшылығы жоқ.
Ашылғанына бес жыл болған «Маңғыстау-Астана-Маңғыстау» бағытындағы жолаушылар пойызы Астанаға тақ күндері жүреді. Алғаш өз сапарын бір құрамда алты вагонмен сапарын бастаған Астана пойызы кейін тоғыз вагонға артып, қазірде 15-16 вагонға жетті.