«Маңғыстау облысы Азаматтық Альянсы» балалар және жасөспірімдер қылмысына арналған сұхбат алаңын ұйымдастырды

АҚТАУ. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгін «Маңғыстау облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Балалар мен жасөспірімдердің қылмысы. Шығу себептері мен оның әсері. Мәселені шешу жолдары» тақырыбында сұхбат алаңы өткізілді.

Қоғамдық шараға облыс әкімдігі және аудан, қала әкімдері, облыстық ішкі саясат, білім беру, ішкі істер және спорт басқармалары, прокуратура, балалар құқықтарын қорғау департаментінің басшылары, қоғамдық саяси партиялар, ҮЕҰ жетекшілері, депутаттар, ҰМО, БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Шараның мақсаты ? жасөспірімдер қылмысының өршу кезеңдері мен себептерін және мүдделі тараптардың ынтымақтастығын нығайту арқылы жасөспірімдер қылмысының алдын алу тетіктерін анықтау, ұсыныстар білдіру. Жиында жасөспірімдерді құқық бұзушылыққа, қылмысқа итермелеуге әсер ететін ішкі және сыртқы факторлар, жасөспірім қылмысының алдын алудағы отбасы тәрбиесінің рөлі, балалар мен жасөспірімдер құқығы және оның бұзылуы, жасөспірімдердің ата-аналарымен бірлесіп алдын алу шараларын өткізу туралы сөз болды. «Маңғыстау облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды. Олар жергілікті атқарушы билікке, осы мәселемен айналысатын мекемелерге және азаматтық қоғам институттарына, БАҚ-қа отбасы құндылықтары мен салт- дәстүрді насихаттау және түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу, ата-аналарға балаларының жасаған қылмысы үшін жауапкершілігін күшейту, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін бару, білім беру мекемелерінің азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер көзқарасын қалыптастыруға белсенді атсалысуы қажет екенін алға тартты.«Білім беру мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау органдары балалар мен жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шараларды тұрақты өткізуі керек. Олардың қазіргі құндылықтарын ескеріп, жергілікті атқарушы билік облыс орталығында халықаралық талаптарға сәйкес келетін Оқушылар сарайын салу жағын қарастыру қажет. Сондай-ақ ЖОО-лардың базаларында мамандандырылған жасақшылар құруды ұсынамыз. Олардың міндеті - қоғамдық тәртіпті қорғау емес, тәртібі нашар, қиын жасөспірімдермен жұмыс жасау. Ең бастысы, оларды қолайсыз ортадан қорғап, қауіптен алып шығу», - дейді «Маңғыстау облысы Азаматтық Альянсының» президенті Жақсыгүл Маханбетова.