Маңғыстау облысында 20 жас ана балаларынан бас тартты

АҚТАУ. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Маңғыстау облысының облыстық перзентхана орталығында жаңа босанған 20 әйел сәбилерінен бас тартты.

Олардың көбі - сырттан келген, тұрмысқа шықпаған 20 жасқа дейінгі бойжеткендер. Олардың біреуі ғана баласын әкетуге қайтып оралды.

- Қазір облыстық перзентханада жақында дүниеге келген бір тастанды бала жатыр. Бұл жеті жарым айлық кезінде салмағы 1 900 грамм болып туылған қыз бала. Оның денсаулығы анасының психикалық жағынан сау емес екеніне қарамастан жақсы болып шықты. Қазіргі кезде бала салмақ алып, өсіп келеді. Анасы баласынан бас тарту туралы өтініш жазған соң бұл құжат нотариуспен куәландырылып, содан кейін баланың мәселесімен құзыретті органдар айналысады, өйткені денсаулық сақтау органдары жаңадан туылған нәрестелердің денсаулығына ғана жауап береді, - деп түсіндірді жағдайды Маңғыстау облыстық перзентханасының директоры Жамал Жаманбекова.