«Жиналысқа қатысушылар бағаның негізсіз өсуін болдырмау шаралары төңірегіндегі маңызды сұрақтарды қарастырды. Атап айтқанда, штаб мүшелері азық-түлік және басқа да тауарларға, ақылы қызметтерге қойылған бағаларды бақылау шарасы нәтижесінде алынған мәліметтерді сараптамадан өткізіп, облыстағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінің нәтижелілігін талқыға салды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысында мемлекетіміз бойынша инфляцияның ең төмен көрсеткіші тіркелген, бұл өз кезегінде бағаны бір қалыпта сақтау шараларының оң нәтижесін айғақтайды.
«Әлемде болып жатқан табиғат апаттары салдарынан ауыл шаруашылық өнімдерінің жекелеген түрлерінің бағасы көтерілді, сондықтан ағымдағы жылы аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар одан сайын жандана түспек. Қазіргі таңдағы біздің мақсатымыз - азық-түлік тауарлары бағасының шамадан тыс өсуін болдырмау, баға өзгерісін уақытылы назарға алу және тапшылық тудырмау үшін аймақты қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету», - деп ерекше тоқталды Қ.Көшербаев.
Сонымен бірге сауда инфраструктурасын одан әрі дамыту жоспарланып отыр, соның ішінде қойма орындарын, көкеніс сақтау орындарын қалыптастыру мен дайындау пункттерін кеңейту қарастырылған.
Отырыс барысында штаб мүшелері 2011 жылдың 26 қаңтарында қабылданған «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын ескере отырып, 2011 жылға белгіленген баға мен тарифтерді негізсіз өсіруді болдырмау шараларының жоспарын мақұлдады.
Баға өсімін шұғыл түрде қолға алу облыстық штабының кезекті отырысы аталған жоспар тармақтарын орындау мәселесімен тікелей байланысты болмақ.