20:45, 01 Сәуір 2009
Маңғыстау облысында екі ай бойына жаппай сенбіліктер ұйымдастырылмақ
АҚТАУ. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Облыс әкімінің шешімімен наурыздың 20-сы мен мамыр айының 20-сы аралығында облыс аумағында тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болып белгіленді.
Осы орайда қазір облыстың барлық жерінде жаппай сенбіліктер ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Сенбіліктердің тұрақты өтуін қадағалап, тазалық жұмыстарының нәтижесін тексеру үшін арнайы топ құрылып, жұмыс істеуде. Олар осы аптада Ақтау қаласының 23-ші шағын ауданы мен Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылының тазалығын тексеріп, оған төмен баға берді. Бұл жерлерде сенбіліктер дұрыс ұйымдастырылмаған, онда да балабақша мен дүңгіршектер айналасы ғана тазаланған.
Бақылаушы топ жетекшілерінің айтуынша, Мұнайлы ауданы мен оған қарасты ауылдарда жүріп жатқан сенбіліктерге көңіл толарлық. Солардың бірі - Атамекен ауылында осы аптада халық жаппай сенбілікке шығып, мекемелерден қоқыс таситын көліктер бөлініп, қызу жұмыс жүргізілген.