Маңғыстау облысында жалған полиция қызметкерінің көмегімен ұлы анасынан ақша бопсалаған

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында алаяқтық әрекеттері үшін екі ер адам ұсталды. Олардың біреуі қылмыстық әрекетті жүзеге асыру үшін өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған, деп хабарлады өңірдің ІІД-інен.

«Алаяқтардың бірі өз анасына ұлы есірткі саудалағаны үшін ұсталды деп хабарлау арқылы ақша табуды ұсынған. Сөйтіп олар алаяқтың анасына оның ұлының есірткі сатқаны үшін ұсталғанын хабарлап, оны қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін 1500 доллар қаражат қажет екенін айтқан. «Полиция қызметкерінің рөлін «сомдаған» екінші алаяқ ақпаратты растап, ақшаны алу үшін теңіз жағасында кездесуге келіскен», - деп хабарлады Маңғыстау облысының ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Әлия Шермағамбетова. Әйелде айтылған сома болмағаннан кейін, ол ақшаның бір бөлігін ғана берген, оны сыбайластар өзара бөлісіп алған. «Келесі күні қалған соманы беруге мүмкіндігі жоқ екенін білген әйел полиция қызметкері пара алды деп айыптап, полицияға арызданған», - деп атап өтті Ә.Шермағамбетова. Маңғыстау облысының ІІД-інің полиция қызметкерлері жалған полиция қызметкерін ұстау бойынша жоспар жасады. Әйел адам алаяқтарға қалған арнайы таңбаланған купюралармен тиісті соманы бергеннен кейін, оларды полиция ұстап алды. Алаяқтарға қатысты ҚР ҚК-ның 177-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.