АСТАНА. 30 қазан. Қазақпарат - Елбасы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында елімізде электр қуатын үнемдеу мәселесін сынға алып, алдағы уақытта «жасыл экономиканы» қарқынды дамытуды тапсырған болатын.
Осыған орай Маңғыстау облысының басшылығы жақын күндері бірнеше жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Келер жылы Қарақия ауданында жалпы қуаты 150 МВт болатын жел электр станcасын салу жоспарлануда. Бұл станса өңірде электр қуатын 40%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ауаға таралатын көмірқышқыл газын барынша азайтып, «жасыл» энергия технологиясы бойынша электр қуатын өндіру шығынын азайтады. Аталған жоба шетелдік инвесторлармен бірлесе жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Форт-Шевченко қаласына жақын маңайдан күн энергетикасын өндіретін қуаты 19,5 МВт-тық станса салу көзделіп отыр. Бұл туралы 24.kz хабарлады.