Алдымен өңір басшысы ҚР ІІМ Ішкі әскерлеріне арналып салынуы тиіс әскери қалашықтың құрылыс жобасын көрді.
Мұнан кейін облыс басшысы «Рауан» шағынауданында салынып жатқан, құрылысы жұмыстары аяқталуға таяу жаңа 200 пәтерлік тұрғын үй кешенін аралады. Тұрғын үйдің 10 пайызы пәтерге мұқтаж «Өзенмұнайгаз» ӨФ және «Қазмұнайгаз» БӨ АҚ жұмысшыларына берілмек. Тұрғын үй үстіміздегі жылдың тамыз айында тапсырылмақ.
«ҚазАгро» холдингінің құрамдас бөлігі болып табылатын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржыландыратын «Өзен Дархан» ЖШС қолға алған жылыжай шаруашылығы Жаңаөзен жұртшылығын көкөністермен қамтамасыз етпек. Әрқайсысының аумағы 540 шаршы метрлік 20 жылыжайдың құрылысы маусым айында аяқталмақ. Алғашқы өнімдері қызанақ пен қиярды қараша айында шығарғалы отырған жылыжай жобасы 115 млн теңге тұрады. Облыс әкімінің айтуынша, көкөністер мен жемістерін шеттен сатып алып тұтынып отырған Жаңаөзендіктер үшін бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор.
Көктемгі еріген қар суынан зардап шеккен №21 орта мектеп пен тұрғын үйлер қалпына келтіріліп, күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілген.
2011 жылдың желтоқсан айында болған тәртіпсіздік оқиғасында бүлінген «Сулпак» сауда үйіне кәсіпкерлер қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Мемлекет тарапынан бөлінген 80 млн теңге қаржыға бойын қайта тіктеген сауда үйі маусым айының алғашқы күнінен бастап өз жұмысын бастамақ.
Жаңаөзенде қолға алынған маңызды бағдарлама қаланың шағын аудандары iшiндегi жолдары және аулаларын қалпына келтiру болатын. Бағдарлама аясында жасалған жұмыстарды көрген облыс басшысы жаңа асфальттарды көріп, балалар алаңында болды. Бұған дейін қала халқы «тарелке» деп атап кеткен спутниктік антенналарды жаппай қондырып алған болатын. Жаңаөзен қаласының әкімі Серікбай Тұрымовтың айтуынша, қаладағы көппәтерлі 253 тұрғын үйдің 250-іне «ОТАУ ТВ» спутниктік антеннасы тегін орнатылған. Осының нәтижесінде көшелердің көркін кетіріп тұрған 493 тарелка алынып тасталған.
Облыс басшысы 100 орындық жаңа перзентхана құрылысымен де танысты. Қазір онда өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысан осы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек. Қазргі таңда перзентханаға білікті мамандар алу ісі жүріп жатыр. Қала дәрігерлері биылғы Алматы және Ақтөбе мединституттарын бітіріп келетін түлектерді күтетіндігін айтты.
Маңғыстау облысы әкімінің жұмыс сапары Жаңаөзен қалалық әкімдігінде өткен жиынмен аяқталды. Жиында қала әкiмi Жаңаөзеннiң әлеуметтiк-экономикалық мәселелерiн шешу жолындағы үкiмет жоспарының орындалуын және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы туралы баяндады. Серікбай Тұрымовтың айтуынша, ескi тұрғын үйлер - қаланың коммуналдық шаруашылығының басты мәселелерiнiң бiрi болып тұр.
Тұрғындар үйлерінің төбелерінен су ағатынын айтып және ылғалды жертөлелерге үнемi наразылық бiлдiредi. Жаңғырту бағдарламасы бойынша осы жылда 10 үй жөнделмек.
Мәжiлiсте айтылған тағы бір мәселе, Жаңаөзенде 70-ші жылы салынған су тазартқыш қондырғысының қазіргі жағдайы сын көтермейді. Ескі құрылғы сарқынды суды 50 пайызға тазарта алмайтын дәрежеге жеткен. Егер болашақта техникалық су ретінде қолдану үшін қаланың сарқынды суларын тазарту стансасы іске қосылса, қала күніне 8000 текше метр тазартылған суды тұтына алады. Сондай-ақ жасыл желекті суару, басқа да шаруашылық мақсаттарға жұмсай алады. Жобаның жалпы құны екі миллиард теңгені құрап отыр.
Жаңаөзенді қалпына келтіру үшін мемлекет 3 млрд теңге бөлген. Ендігі мақсат - оны орынды жұмсап, жоспарға сай ұқсату жергілікті билік үшін үлкен сын екенін айтқан аймақ басшысы жоспардағы шаруалардың орындалу барысын алдағы уақытта да арнайы келіп тексеріп тұратынын айтты.