17:00, 22 Сәуір 2009
«Маңғыстау жұлдыздары» дәстүрлі өнер фестивалі өтуде
АҚТАУ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстауда облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» дәстүрлі өнер фестивалі өтіп жатыр.
Екі кезеңнен тұратын байқау сәуір айының аяғында мәресіне жетпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар халықтық, эстрадалық және классикалық шығармаларды орындау, шағын театрландырылған көріністер қою және би өнері бойынша сынға түсуде. Ал екінші кезеңінде өнер саласында жүрген қызметкерлерге арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылмақ. Сайыскерлердің өнеріне құрамы кәсіби мамандардан тұратын, облыстық филармония қызметкерлері, өнер колледжінің ұстаздары және БАҚ өкілдері бар әділ қазылар алқасы баға беруде. Фестиваль аясында алғаш сынға түскен Мұнайлы ауданының өнерпаздары болды. Ал бүгін бұл байқау Жаңаөзен қаласында жалғасын тауып жатыр. Сол сияқты 23-ші сәуірде Қарақия, 24-ші сәуірде Түпқараған, 25-і сәуірде Маңғыстау және 26-шы сәуірде Бейнеу аудандарының үміткерлері «Маңғыстау жұлдыздары» өнер сайысы арқылы жұртшылыққа танылмақ.
Фестиваль салтанатты түрде 30-шы сәуір күні Ақтаудағы
М. Өскенбайұлы атындағы облыстық филармонияда аймақтың суырып салма ақындарының айтысымен аяқталмақ.