Маңғыстауда бизнес-инкубатор ашылды (ФОТО)

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында шағын кәсіпкерлік субъектілерін олардың дамуының ерте кезеңінде қолдау және дамыту бағдарламасының аясындағы бизнес-инкубатор өз жұмысын бастады.

Бизнес-инкубатор жергілікті кәсіпкерлерге нақты көмегін көрсетіп отыр. 12 кәсіпкер барлық қажетті жабдықтары, жиһаз және ұйымдастыру техникасы бар кеңсе бөлмелерін жеңілдік жағдайда жалға алуда. Одан бөлек, өз бизнесін ашқысы келіп отырғандарға кәсіпкерлерді қолдау орталығының менеджерлері есепшілік, заңдық, консалтингтік қызметтер көрсетеді. Жобаны Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының Мұнайлы аудандық филиалы басқарады.

Ашылған бизнес-инкубатордың жанында енді аумағы 1 гектар базар да жұмыс істеуде, мұнда отандық тауар өндірушілер жергілікті өнімді делдалдарсыз сата алады.

«Базарда азық-түліктің негізгі 33 түрі ұсынылған, олардың бағалары көтерілмейді. Бұдан басқа, ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлерді қолдау үшін олардың алғашқы екі айда жалға алу ақшасын төлемейтіні жарияланған. Айта кетейік, оның бағасы да жоғары емес - 15 мыңнан 20 мың теңге аралығында. Біздің базарда барлық тауарлардың бағалары нарықтан төмен болады», - деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының Мұнайлы аудандық филиалының директоры Әділет Сәми.