Қабылан - әлемдегі ең сирек кездесетін үлкен мысық. Табиғатта олардың тек 90-ға жуығы бар. ХХ ғасырдың аяғында бұл жыртқыш жойылу қаупінде болды. Ғалымдардың пікірінше, тек 30-35 қабылан қалды. Маңғыстаудағы фототұзаққа олар бірнеше рет түскен.
Әп-сәтте Қазақстанның фаунасында бұрын-соңды кездеспеген жыртқыш жайлы ақпарат қоғамның үлкен қызығушылығын тудырды. Ғылыми деректерде Маңғыстау өңірімен шекаралас Түркіменстан аумағында 100-ден астам азиялық қабылан өмір сүретіндігі баяндалған.
«2018 жылдың қыркүйек айында Қазақстанда алғаш рет Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері фототұзақтың көмегімен жас еркек азиялық қабыланның суретімен бөліскен болатын. Сол кезде бұл нағыз зоологиялық жаңалық болатын. Ақпараттық науқан жүргізу барысында және балалар арасында шығармашылық сурет байқауын өткізу кезінде қабыланға Тау Шері деген есім берілген. Осылайша екі жылға жуық Тау Шері қорық аумағында бірнеше рет фототұзыққа түсіп қалып жүретін. Алайда жаз мезгілінде көзден таса болып мүлде көрінбей кеткен еді, мамандар жабайы жануарддың қорық аумағынан шығып кетуінің себебін өзінің ортасын іздеп кеткен болуы керек деп болжам жасады», - делінген Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттек басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінде.
Қабыланның Маңғыстау жерінде мекендеуіне байланысты жануарлар әлемін қорғаушы мамандар биологиялық негіздеме жасақтап, аталмыш азиялық қабыланды Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізу бойынша жұмыстанды, нәтижесінде осы мәселе негізге алынып 2021 жылы Үкімет тарапынан тиісті шешімі қабылданды.
Сондай-ақ, Қазақстанда қабыланның популяциясын сақтап қалу жөніндегі арнайы іс-жоспары жасақталды. Бірінші басымдықтардың қатарында қабыланның және оның негізгі қоректенетін объектілеріне (тау қойлары – ақбөкендер мен қарақұйрықтарға) мониторинг жүргізу, жануарлардың негізгі мекендейтін орындарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту, ықтимал қақтығыстардың алдын-алу мақсатында жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, адамдар мен қабылан арасындағы болуы мүмкін қақтығыс жағдайларды болдырмау, сондай-ақ браконьерлікпен күрес, соның ішінде үлкен тұзақтарды қолдануға жол бермеу болды.
«2021 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жергілікті тұрғындар өлі қабылданды тауып алғандығы туралы ақпарат тиісті табиғат қорғау мекемелеріне хабарлаған болатын. Өлген жануардың суреттеріне жан-жақты талдау жүргізген мамандар, өкінішке орай, қорық аумағынан шығып кеткен Тау Шері екенін растады. Сарапшылар жануардың нақты неден өлгені туралы негізгі себебін таба алмады, алайда бұл жағдайда қабылан өлерінің алдында браконьерлер тарапынан жараланған болуы мүмкін деген болжам айтылды» делінген Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттек басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінде.
Тау Шерінің тағдырына алаңдаған табиғат жанашырларының көңіл күйін түсірген бұл қайғылы оқиғадан кейін, Қазақстандағы қабыланның мекендеу тарихы осымен бітті немесе бұл бұдан былай қайталануы екіталай деген ақпарат айтылды.
Алайда, 2022 жылдың ақпан айында Үстірт қорығынан жанға жағымды жаңалық келді: ерекше қорғалатын табиғи аумақта қойылған фототұзақтың бірінде жаңа қабыланның арқасы мен құйрық бөлігінің фрагменті объективке түсіп қалған, бұл бейнекадрді басқа жануармен шатастыру мүмкін емес болатын.
Ал 2022 жылдың жазында және 2023 жылдың сәуірінде қабыланның Маңғыстау жерінде кездескені туралы расталған мәліметпен «Қызылсай» өңірлік табиғи паркінің қызметкерлері бөлісті. Осылайша қабыланның Маңғыстау облысына қайта оралғаны белгілі болды. Бұл сирек кездесетін ерекше жануардың жүріс тұрысын тиімді бақылау және қорғау үшін әртүрлі табиғат қорғау ұйымдарының бірігуі маңызды болды.
2023 жылдың мамыр айында Қазақстанда ірі мысықтарды зерттеу және қорғау бойынша халықаралық трансшекаралық жоба іске қосылды. Жобаның Қазақстандағы негізгі орындаушысы «Биоәртүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы» қоғамдық қоры. Жобаны іске асыру аясында қазірдің өзінде жаңадан бірнеше фототұзақтар сатып алынды, олардан алынған мәліметтермен Үстірт қорығы, «Қызылсай» өңірлік табиғи паркі, Кендірлі-Қаясан қорық аймағы және аймақтық аумақтық инспекция қызметкерлері өзара ақпарат алмасып отырады.
Бұл өз кезегінде қабыланды мониторинг жасап отыруға және мұндай сирек кездесетін жануарларды қорғау бойынша жоғарыда аталған табиғат қорғау ұйымдарының күш-жігерін біріктіреді.
Биылдың өзінде қабыланды сақтау бойынша басқа да бірқатар маңызды іс-шаралар күтіп тұр. Атап айтқанда Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан шекараларының түйіскен жерінде Үстірт қорығының жаңа Оңтүстік кластерін құру бойынша жұмыстар аяқталуда және жануарлардың мемлекеттік шекара арқылы кедергісіз өту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Шекара қызметімен нақты жұмыстар басталды.
Табиғат қорғау саласындағы білікті мамандар бұл бастамалар кездейсоқтық емес, керісінше қабыланның Маңғыстауға қайта оралуы бүкіл табиғатты сақтау жолындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді.
Сондай-ақ олар маңғыстаулықтар мен облыс қонақтарын жолда кездескен жануарларға қамқорлық жасап, қабыланның және басқа да ерекше әрі сирек кездесетін жануарлар туралы мәліметтер болса мамандарға хабарлауларын сұрайды. Бал борсығы, қарақал, гиена, құлан және т.б. жануарларға қамқор болуға шақырып отыр.
Байланыс нөмірлері: Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы (Байланыс нөмірі 7 708 362-90-14)
Үстірт қорығы:
ystyurt-oopt@mail.ru
7 (705) 655-15-84, 7 (700) 296-13-84.
«Биоәртүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы» қоғамдық қоры.
office@brcc.kz
7 (701) 757-00-51