Маңғыстауда спортпен айналысушылардың саны артып келеді - Сергей Пахомов

АҚТАУ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембай/ - Маңғыстауда жылдан-жылға спортпен айналысушылардың саны артып келеді. Бұл туралы облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы Сергей Пахомов облыстық «Маңғыстау» газеті ұйымдастырған «Тікелей желі» сұхбатында айтты.

Маңғыстау облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының жұмысындағы басты бағыт - тұрғындарды денешынықтырумен тұрақты айналысуға тарту, күнделікті тұрмыста салауатты өмір салтын енгізу болып табылады.

С. Пахомовтың айтуынша, аймақта жылдан-жылға дене шынықтыру және спортпен айналысушылар саны артып келеді.

Мәселен, 2009 жылмен салыстырғанда спортпен тұрақты айналысатындар саны 2010 жылы облысымызда 11 698 адамға артып, 67698 адамды құраған.

Облыста 14 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі жұмыс жасайды. Онда 7172 оқушы спортпен шұғылданады, 2010 жылы олардың саны 747 балаға артты. Барлық балалар спорт мектептеріне тегін қатысады.

«2010 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Жаңаөзенде 30 жаңа спорт топтарын аштық, онда күні бүгінде үш мыңнан астам адам спортпен айналысуда», дейді облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы.

Ақтауда қосымша бес жаңа бөлімше ашылды. Онда 39 оқу-жаттығу тобы құрылып, 800 бала, оның ішінде оқушылар да қатысуда. Бұл бөлімшелерде балалар ат спорты, нысана ату, жүзу, ұшу, оқ ату тәрізді спорт түрлерімен шұғылданады.

Басқарманың тағы бір басым бағыттарының бірі спорттық резерв пен халықаралық дәрежедегі спортшыларды дайындау болып табылады.

2010 жылы Қазақстанның құрама командасына спорттың олимпиадалық түрлері бойынша облысымыздың 138 спортшысы енді.

2010 жылы 25 Қазақстан Республикасының спорт шебері, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 115 Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат дайындалды.

Маңғыстау облысының құрама командасы спорттың бірнеше түрлері бойынша 150 халықаралық және республикалық жарыстарға қатысты.

«Таяу уақытта Таушық селосында, Форт-Шевченко қаласында, Жетібай кентінде спорт кешендерінің құрылысы басталады, Сайөтесте инвесторлардың қаржысына спортзал салынды, онда 2011 жылдың қаңтар айында спорттың бірнеше түрлері бойынша бөлімшелер ашылатын болады», - дейді Сергей Пахомов.

Ақтау қаласының 17-шағын ауданында салынатын спорт сарайы құрылысының жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Ақтау қаласында теннис орталығын салу үшін қаржы бөлінді, ол 2011 жылы басталады.

Сондай-ақ Ақтау қаласының 33-шағынауданында спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.