Маңғыстауда жыл сайынғы облыстық «Жыл адамы» конкурсының қорытындылары шығарылды

АҚТАУ. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Маңғыстауда 15 аталым бойынша жыл сайынғы облыстық «Жыл адамы» конкурсының қорытындылары шығарылды.

Жеңімпаздарды облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджанов марапаттап, жүлделерді, ақшалай сыйлықтар мен дипломдарды тапсырды.  

«Жыл мұғалімі» атағына Қызылтөбе ауылындағы лицейде физика пәнінің мұғалімі болып жасайтын Есіркепғали Әлбетов ие болды. Оның оқушылары физика мен математика олимпиадаларында бірнеше мәрте жүлдегер болды, 2012 жылы олар республикалық олимпиадада бірінші орындарға ие болды. «Жыл тәрбиешісі» атағында Бейнеу ауылындағы мектепке дейінгі мекеменің тәрбиешісі Гауһар Тастемірова жеңмпаз атанды. «Жыл журналисі» атағы «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Гүлайым Дәуітбаеваға берілді.

Сондай-ақ Жаңаөзен орталық қалалық ауруханасының хирургі Сайран Хангереев «Жылдың таңдаулы дәрігері», Маңғыстау ауданы ауруханасының қызметкері Айткүл Тасымбаева «Жыл медбикесі», Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Жиенбек Сүгіров «Жыл ғалымы» атанды.    

Өз мамандықтары бойынша таңдаулылар қатарында Жаңаөзен қаласының ІІБ қызметкері Төлеген Шегербаев, Маңғыстау ауданының әлеуметтік қолдау департаментінің инспекторы Санияш Сисенова, «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалының №1 мұнай және газ басқармасы өндірістік-техникалық жұмыстар жетекшісі Ақмәмет Әжмұқанов, «Айком ЛТД» ЖШС директоры Иса Бимырзаев, «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының» президенті Никар Рафикова, спортшы, Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, фермер Сахи Қибасов, «Абай атындағы Ақтау мәдени-демалыс кешенінің» балалар студиясының жетекшісі Ольга Хныкина, меценат, «Тасболат Ойл Корпорейшн» ЖШС бас директоры  Абзал Жапаров   бар. Олардың барлығы да өз саласында жүзден озған майталмандар, игілікті ісімен өнеге боларлық азаматтар.