Мария Хаджиева сақтандыру секторын дамытуға ықпал еткен факторларды атады

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылы сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 3,2 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтты.

— Дамыған елдерде сақтандыру секторының активтері ЖІӨ-нің орташа есеппен 7-8 пайызын құрайды. Бұл оның экономикаға жоғары дәрежеде интеграцияланғанын көрсетеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш әлі де айтарлықтай төмен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ол ЖІӨ-нің 2,4 пайызын ғана құрады. Дегенмен, соңғы жылдары сақтандыру нарығының негізгі көрсеткіштерінде оң динамика байқалады. 2024 жылы сақтандыру ұйымдарының жиынтық активтері 3,2 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға өсті. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш 2,5 есеге артты, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, өткен жылғы сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1 507 млрд теңге. Бұл бір жыл бұрынғыдан 51 пайызға көп. Бес жылдық кезеңде сыйлықақылар үш есеге артты. 2024 жылғы сақтандыру төлемдері 22 пайызға өсіп, 334 млрд теңгеге жетті. Бес жыл ішінде төлемдер көлемі 2,3 есеге ұлғайды.

— Саланы дамытуға ықпал ететін негізгі факторлардың қатарында ерікті сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейту, міндетті сақтандыру түрлері бойынша қолжетімділікті арттыру және шарттарды жақсарту, цифрландыруды дамыту, сақтандыру саласының инфрақұрылымын нығайту бар. Бұл факторлар қазіргі экономикалық жағдайда сақтандыру нарығының негізгі өсу нүктелеріне айналады, — деді Мария Хаджиева. 

Айта кетелік адамдар жаппай жиналатын объектілерді сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр