«Марсқа» қатысқан қазақ бригадасы - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 1 мамыр, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Елімізде тұратын өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің қазақ тілін үйренудегі қадамдарына сүйсінуге болады, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Тіл - достықтың кепілі" атты мақаласында.

Басылымның жазуынша, соңғы жылдары мемлекеттік тілді үйренушілердің қатары молайып келе жатқанына жиі куә болып жүрміз. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «Тіл - достықтың кепілі» атты жоғары оқу орындарының студенттері арасында мемлекеттік тілді білуден өткен байқау барысында өскелең ұрпақтың қазақ тіліне деген биік құрметін тағы да аңдадық. Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған байқаудың ерекшелігі, сынға түскен топтардың барлық мүшелері - өзге ұлт өкілдері. Өңіраралық ынтымақтастықты дамыту аясындағы облыс әкімінің жүлдесі үшін болған тартысқа Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары қатысты. Команда мүшелерінің бәрі де тәуелсіздігіміздің төл буыны, яғни 1992-1995 жылы туған ұлдар мен қыздар.

Құрамында орыс, өзбек, әзербайжан, татар ұлттарының өкілдері бар студенттер «Тапқырлық», «Мақал сөздің мұнарасы», «Ұтқыр жауап», «Ол кім, бұл не?», «Өнер табу - өрге шабу» сынды сайыстардан да сүрінбей, қазақ тілін жетік меңгергендерін байқатты. Десе де, бәйгенің аты - бәйге. Мемлекеттік тілді меңгеруде алдына жан салмаған жергілікті команда бас жүлдені, одан кейінгі орындарды алматылық «Жетісу», қарағандылық «Талап» және павлодарлық «Алтын қазына» топтары иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қазылар алқасының төрағасы, өңірдегі «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев мемлекеттік тілді жетік меңгерген студенттерге «Тіл патриоттары» атты төс белгілер табыс етті.

Кеше Берлинде Қазақстанның экономика және мәдениет орталығында «Қазақ кітапханасы» жобасының аясында Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» атты неміс тілінде шыққан кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Бұл шараға Германия Бундестагының депутаттары, жергілікті мемлекеттік органдарының өкілдері, зияткерлік топтары, қазақ диаспорасы және дипломатиялық корпус қатысты. Бұл туралы "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Мұқағали Гете мен Гейне тілінде сөйледі" атты мақалада жазылған.

Басылымның атап өтуінше, еліміздің ГФР-дағы елшісі Нұрлан Онжанов беташар сөзінде қонақтарды Қазақстанның бай мәдениеті және тарихымен таныстырып, «Қазақ кітапханасы» жобасының мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. Жарасымды іс Германияның баспа компаниясымен бірге жүзеге асқаны туралы баяндап берді. Дипломат кітап авторы Мұқағали Мақатаевтың қазақ халқының мәдениеті мен әдеби мұрасына салмақты үлес қосқандығын ерекше атап өтті.

Шара барысында «Қазақ кітапханасы» жобасының іргетасын қалағандар, әйгілі неміс әдебиеттанушылары Леонард Кошут пен Кристине Лихтенфельд өміршең қазақ өлеңі туралы ойларымен бөлісті. Олар екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық жобаның іс жүзіндегі мағынасы зор екенін тілге тиек етіп, бұл Қазақстанның мәдени игілігіне германдық және еуропалық қоғамда да қолжетімді бола алатындығын атап өтті. Сонымен қатар, жоба аясында Германияда шығарылған және тұсауы кесілген кітаптардың авторлары қазақ жазушыларымен кездесулердің әсерлі болатынын жеткізді.

Өз кезегінде, М.Мақатаевтың кітабын неміс тілінде басып шығарған Марио Пшера таныстырылым рәсімін өзі жүргізіп, ақынның поэтикалық ерекшелігі, мән-мағынасы, қазақтың өлең құрылысының керемет иірімдері туралы баяндады.

Гумбольдт атындағы Берлин университетінің қазақ тілі лекторатында оқитын неміс студенттері театрландырылған көрініс ұйымдастырып, ақынның өлеңдерін қазақ және неміс тілдерінде оқыды.

«Қазақ кітапханасы» жобасы 2006 жылдан бастап Қазақстанның Германиядағы елшілігімен жүзеге асырылып келеді. Оның аясында қазақ авторларының 20-дан астам кітаптары неміс тілінде басылып шығарылды. Олардың арасында Елбасының «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы», сонымен қатар, М.Әуезов, Т.Ахтанов, І.Есенберлин, Ә.Нұрпейісов, О.Сүлейменов, Д.Досжан, т.б қазақтың көрнекті қаламгерлерінің кітаптарын ерекше атап өтуге болады. Жобаның мақсаты - қазақ мәдениетін және қазақ жазушыларының шығармаларын Германия мен Еуропа елдеріне таныстыру болып табылады. Кітаптар «Қазақ кітапханасы» атты бірыңғай әрленіммен қазақ және неміс тілдерінде басылып шығуда.

***

Ұлы Отан соғысындағы ерекше маңызы бар ұрыстың бірі Ржев шайқасы болғанын көбіміз біле бермейміз. Ол стратегиялық жағынан екінші дүниежүзілік соғыс тарихында ғана емес, адамзат тарихында үлкен орын алған. бұл туралы "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Марсқа" қатысқан қазақ бригадасы" атты мақалада жазды.

Газеттің жазуынша, 1941 жылдың соңы 1943 жылдың наурызы аралығында Ржевтегі шайқасқа екі жақтан 10 миллионға жуық адам қатысып, 8 облыс аумағын қамтыған. Жан беріп, жан алысқан ұрыс 17 айға созылып, бес майданнан отыздан астам армия мен корпустар, мыңнан астам танк қатысқан. Алты шабуылдау және төрт қорғау әскери операциясы жүргізілген. Неміс фашистері үшін Ржев шайқасы КСРО-ның жүрегі Мәскеуге баратын «төте жол» деп бағаланып, неше түрлі соғыс операцияларын ұйымдастырған.

Ресми дерек Ржев шайқасында 1 миллион 350 мың адам көз жұмған десе, енді бір дерек 2 миллионға жуық адам қаза болған деп жазады. Тарихта өз орны бар майданда Ржев қаласын қайтарып алу үшін кеңес армиясы «Марс» операциясын ұйымдастырып, оған Қазақстаннан екі бірдей 100 және 101-қазақ атқыштар бригадасын соғыстың қайнаған ортасына жіберген. Ал кейбір деректерде бригададағы 6000 жауынгердің 80 пайызы оққа ұшқан делінген.

Ржев қаласынан онша қашық емес жердегі шағын деревняны ел «Молодой Туд» деп атайды. Бұл жердің топырағында қазақтың өрімдей жастарының қандары төгілген. Сол жерде мыңдаған жерлестеріміздің сүйегі жатқанын кейінгі ұрпақ білмеуі де мүмкін. 1942 жылдың көктемінде Алматыда жасақталған атақты 100-қазақ атқыштар бригадасының жауынгерлері ұрыс майданында алғаш рет түсіп, фашистердің жойқын шабуылына тап болған жер. Мұнда 4700 боздақ жер жастанып, жауға қарсы қарыс сүйем жер үшін шайқасқан қазақтың ержүрек ұлдары мерт болып, қан төккен. Бригаданың 70 пайызы еріктілерден жасақталып, олардың 95 пайызы қазақтар болыпты. Жауынгерлердің 80 пайызы Алматы мен Алматы облысының жастары деген дерек кездеседі.

Ұлы Отан соғысының ең қиын да ауыр кезінде жау Мәскеуге таяп, екі жақтың армиясы кескілескен шайқаста Сталин тың қадам жасап, шұғыл түрде ұлттық бригада жасақтау ұсынысы кеңес армиясына тың серпіліс береді. Сондай тапсырмамен Қазақстанда 4 ұлттық атқыштар бригадасын, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай және Жамбыл аудандарында тез арада атты әскери дивизия жасақтау жұмыстары қолға алынған. Дивизиядағы 12 мың адамды зеңбірек және атпен қамтамасыз ету жүктеледі. Алматы мен Ақтөбеде 100 және 101-ұлттық бригадасында көбі орыс тілін білмейтін, 1922-1923 жылғы дені Алматы мен Жамбыл және Шығыс Қазақстан жастарынан жасақталады. Олар аз күнде әскери бұйрықты орындау, қару-жарақты қолдану шараларын үйреніп, бірден майданға аттанады.

Жетісу жерінен аттанған 100-қазақ атқыштар бригадасынан жасақталған 6000 жауынгер қарашада Калининград ұрыс майданына жетіп, 39-армия құрамына кіргенде Ржев қаласының түбіндегі кескілескен шайқасқа бірден түскен. Бұл кезде Қызыл армия қыстың қаһарлы аязынан және жаудан Мәскеуді қорғауға шегініп, фашистердің жойқын шабуылын тоқтатуға бар күшін салумен болады. Жау КСРО-ның астанасына 150 шақырым жақындап, кеңес армиясы үшін аса ауыр шайқастар жүріп жатқан. Мақалада осы қазақ жауынгерлерінің жанқиярлық ерліктері, олардың "Марс" операциясындағы рөлі егжей- тегжейлі айтылған.

«Айқынның» жазуынша, өткен жылы Қарағанды облысында 73 лауазымды тұлға қағазбастылыққа жол бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ауылдық округтің 13 әкімі, мемлекеттік мұрағаттың екі директоры, әкімшілік бөлімдердің төрт басшысы азаматтардан түскен арыздар мен өтініштерді қабылдауда сөзбұйдаға салғаны үшін сөгіс пен ескерту алған. Бұл туралы Қарағанды облысының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аға прокуроры Бақыт Аманбаева «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп өткізген жиналыста хабарлады.Қарағанды облысында жыл басынан бері мемлекеттік органдарға түскен 59 853 өтініштің 1015-і уақытында қаралмаған. «2014 жылдың бірінші тоқсанында Қарағанды облысының мемлекеттік органдарына азаматтар мен заңды тұлғалардан келген 59 853 өтініштің 1015-не кешігіп жауап берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есеге көп. Өтініш иелері жауапты дер кезінде алмайды не болмаса бұл жауаптар үстірт жазылады. Бұл мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың өз міндеттеріне селқос қарайтынын көрсетеді», деді Бахыт Аманбаева.

«Мемлекеттік аппаратты сауықтыру үшін біздің екі ведомствоға партияның «STOP қылмыс» - «STOP правонарушениям», «Электронды партия», сонымен қатар бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған «Айқын» жобасы көмекке келеді», деді «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облысындағы филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанова. Партия өкілінің айтуынша, «Нұр Отан» партиясы мен Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қызметіне жауапсыз қарайтын лауазымды тұлғалармен жергілікті деңгейде жұмыстар жүргізіп келген.

Партияның қоғамдық қабылдауына келіп түскен арыздарды талдай келе, партияның облыстық филиалы сұраныстардың сөзбұйдаға салыну себептерін анықтады. «Сұраныстарға дер кезінде жауап бермеу және хатқа үстірт қарау қызметкерлердің кәсіби деңгейінің төмен екендігін көрсетеді. Екінші себеп - лауазымды тұлғалардың қызметтік міндеттеріне селқос қарауы», деп атап өтті Қадиша Оспанова.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті тарапынан іске қосылған «Айқын» жобасы да арыздарды қарау процесінің ашықтығын ғана емес, шенеуніктер мен азаматтардың арасында жемқорлық әрекеттердің алдын алу үшін жеке қарым-қатынасқа түспеуді көздейді. Жазбаша түрде өтініш бергенде кеңседен 18 саны бар талон беріледі. Ұялы телефоннан 1414 немесе 8-800-080-7777 нөміріне хабарласу арқылы өтініш беруші талонның нөмірін айтып, өтінішінің қарастырылу барысымен таныса алады. Сонымен қатар, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің сайтына кіріп, «Мемлекеттік органдарға хабарласу» атты бөлімге талон нөмірін теріп, таныса алады. «Мұндай талондар облыстың 8 836 тұрғынында бар. Қазіргі таңда «Айқын» жүйесіне Қарағанды облысынан 176 мемлекеттік орган қосылды», деді Бахыт Аманбаева.

***

«Казахстанская правданың» жазуынша, Павлодар облысы, Баянауыл ауданы Майқайың ауылында орналасқан № 29 өрт сөндіру бөлімінің командирі Қуандық Омаров алты жасар қыз баланы құтқарғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

«Сол бір аязды ақпанның күнінде полиция қызметкерінен дабыл қақан қоңырау түседі. Ол бір ер адамның бұзақылық жасап жатқанын мәлімдейді. Айтуынша, ол өзінің кішкентай қызын төртінші қабаттағы балконға қамап тастаған», деп жазады басылым.

Өрт сөндіру қызметінің кезекші бөлімі оқиға орнына дереу жетеді. Бөлім командирі Қ. Омаров саты арқылы балконға жетіп, есігін сыртынан бұзып ашады. Пәтерге кіргенде ол газдың исін сезеді, сол кезде пәтер иесі «үйді жарып жіберемін» деп қоқан-лоққы жасайды.

Қуандық бір сәтке де қарап қалмай, дереу қыз баланы ала салып, саты алаңына жүгіріп шығады. Сосын тұрғындарға дереу бұл үйден кетулерін ескертеді. Өзі баланы сыртқа алып шығады. Дәл сол кезде пәтерден жойқын жарылыстың даусы естіледі.

Бөлім командирінің жедел әрі кәсіби іс-қимылының арқасында қыз бала да, үйдің тұрғындары да аман қалды. Мақала «Спас ребенка и жильцов» деген тақырыппен берілген.