Мәртебелі ұстаз – жаңашыл қоғам айнасы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 26 желтоқсанда Парламент «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылданды.Бұл құжат жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты болып отыр. Жалпы, заң төрт бағытты қамтиды. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары. Осы орайда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов аталған жаңа заң қоғамға қандай мүмкіндіктер беретіні туралы айтты.

- Құрметті Ерлан Бәтташұлы, «Педагог мәртебесі туралы» заң қоғамға не береді?

- Оқырмандар жақсы білсе керек, бұл заң – қоғамның барша жігін бейжай қалдырмаған, аса көп талқыланған құжат. Өйткені ешкім білім саласын айналып өте алмайды. Тіпті білім – әрбіріміздің өсіп-өну жолымыз, адам болу тағдырымыз. Сондықтан, ең бірінші, бұл заңның бастамашысы Елбасы болғанын ұмытпалық. Әрине, ол кісі халықтың тілегін ескеріп барып ұсынды. Екіншіден, «серпінді заңдар» деген ұғым бар. Оның серпіні, әсері қоғамға бірден білінетін болады. «Педагог мәртебесі туралы» заң да – сондай заң. Бұл заң ұстаз атаулының қоғамдағы беделін көтере отырып, елдегі дәстүрлі білім культін одан сайын жетілдіре түседі. Қоғамдағы адам ресурстарының сапасын арттырады.

- Сонда мұғалім, оқытушы жоғары жалақы алып, мектеп, университеттердің материалдық-техникалық базасы кеңейе түсе ме?

- Қалай десек те нарықтық экономика ширек ғасырдан астам уақыт бізді сынап келеді. Еуропада бір нақыл бар: «Ақылды болсаң, неге кедейсің?» деген. Сондықтан жаңа Қазақстан 90-жылдардан бері білім мен ғылым саласының алдына көп міндеттер қойды. Соның ең үлкені – нарық пен бәсекеге бейімделу. Қиындықтан жол табу. Бұл университет санымен, ақылы мектептер қатарының көбеюімен есептелмейді. Сапамен есептеледі. Мысалы, Қазақстан түрлі экономикалық қауіп-қатерге қарамай әлеуметтік жобаларды тоқтатқан емес. Мектептер, аурухана-емханалар салынып жатыр. Нарық заманында әрбір ұйым, мекеме өз қызметкерлерін ынталандыру үшін қаржы көзін іздестіріп жүр. «Педагог мәртебесі туралы» заңның маңызы сонда – білім беру заңнамасындағы олқылықтарды жояды, керекті заң нормаларын орнықтырады. Айталық, осы үшін 2024 жылға дейін 5,3 триллион теңге қаржы бөлінеді. Соның ішінде 2020 жылы 390 млрд теңге жұмсалады. Жалақы мәселесіне келсек, 2021 жылдан педагогтің нормативтік оқу жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа төмендетіледі. Бұдан басқа мұғалімдер үшін кешенді әлеуметтік лифт қарастырылған. Бұйырса, бірте-бірте мұғалім мамандығы мәртебелі және берекелі мамандыққа айналады.

Биылғы тамыз жиынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту үшін және мұғалім мәртебесін көтеру үшін жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын» дегенін жақсы білесіздер. Осы ретте «жас келсе – іске» дегендей, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұрындық болып, Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына (ГПРОН) оң ықпал ететін «Педагог мәртебесі туралы» заңды қоғам әрі Парламент әлеуетімен өз мәресіне жеткізді. Осы бағдарлама мен заң білім саласына жаңа серпін берері сөзсіз.

- Ұстаз жалақысына әсер ететін нақты қандай жеңілдіктерді атар едіңіз?

- Егер мұғалім тер төгіп, халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстары жеңімпазын әзірлесе, үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы алады. Сондай-ақ «магистр» деңгейіндегі мұғалімдердің жалақысына үстеме қосылады. Қоғам үшін маңызды шарт - педагогтің лайықты жалақысы мен оларға тиісті әлеуметтік пакет. Жалақы педагогтің еңбек өтіліне, дәрежесі мен атағына, лауазымына сай кесте бойынша төленеді. Бұл ретте еңбек демалысы, жүктемесі, медициналық сақтандыру қатаң ескеріледі. Біз ұстаз денсаулығын ақшаға сатып алынбайтын, әрбір шәкірт үшін маңызды фактор деп есептейміз. Заңға сәйкес, ендігі жерде мұғалімдер сақтандыру жүйесімен жылына бір рет толық медициналық тексерістен өтіп, профилакторияға жеңілдікпен емделу мүмкіндігіне ие болады. Әлбетте, біз қанағатшыл, мейірімді қоғам болып қалыптасып жатсақ, білім нарығын одан сайын арттырып, мұғалімдер қызметін әлі де жоғары бағалайтын тетіктер табамыз ғой деп ойлаймын.

Сонымен бірге ұстаз мәртебесін тек қомақты жалақы шешеді деп келте ойламаумыз керек. Бұл жерде ең басты фактор – қоғамның оң көзі мен ықыласы. Тарихтан мәлім, 1966 жылы ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымы «Мұғалім мәртебесі» атты құжат қабылдады. Бұл – әлемнің көптеген елінде бар ұстазға деген құрметті жаһандық деңгейде заңдастыру еді. Дәстүрі орнықты Ұлыбританияның өзінде әлсіреп кеткен ұстаз мәртебесінің себеп-салдарын 2002-2006 жылдары арнайы зерттеп, нақты шараларды қолға алу үшін ұлттық жобасы қолға алынған. Оған Кембридж және Лестер университеттерінің ғалымдары тартылған. Біздіңше, «Педагог мәртебесі туралы» заң осындай зерттеулерге де негіз болады.

- Ел арасында «мұғалімдер негізгі қызметіне жатпайтын, тіпті қажетсіз жұмыстарға күштеп жегіледі» деген сөз жиі айтылады. Мына заң соған тыйым сала ала ма?

- Қазақ бағы жанбаған кісіні көрсе «еңбегі еш, тұзы сор» деп жатады. Әлбетте, бұл сақтандыру және мәселеге бейжай қарамауды ескерту. Қайсыбір жергілікті жерлерде қорғансыз мұғалімді пайдаланып қалу фактісін жоққа шығармаймыз. Мұндайда олардың салалық кәсіподағы, қауымдастығы жәрдем қолын созуы қажет. «Педагог мәртебесі туралы» заңда «мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін олардың кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың шараларын өткізуге тарту жөніндегі ережелер» нақты белгіленген. Бұл бойынша енді әлгідей заңсыздықтар жасалса, ұстаздарды күштемек болғандар заң алдында жауап береді. Мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараны атқаруды міндеттегені үшін айыппұл төлету жағы (20-120 АЕК айыппұл) да қарастырылған.

Ақыры құқық туралы айтып қалдық, аталған заңда кәсіби қызметті жүзеге асыру кезіндегі педагог құқықтары, педагогтің материалдық қамтамасыз ету құқығы, педагогтің көтермелеу құқығы анық жазылып, жеке баптармен шегеленіп көрсетілген.

- Қазір әлеуметтік желіні бәзбіреулер кек алу мен жала жабудың құралына айналдырып жүр. Қазақ ұғымындағы мұғалім мен оқушы арасын айқындайтын ата-ана позициясының дәстүрлі «сүйегі менікі, еті сенікі» (қатаң талап қою) қағидаты әлсірей бастағандай. Осыған жаңа заң не дейді?

- Рас айтасыз, біз әлеуметтік желі мәдениетін қоғам болып көтеруіміз керек. «Жаптым жала, жақтым күйенің» алдын-алу мектептен басталуы тиіс. Біз мұғалім мәртебесін көтеру арқылы «мектепте тек таза, әділетті, білімді, мәдениетті адамдар істейді» дегенге қоғамды сендіре алсақ, бұл – бәрімізге де зор абырой. Ол үшін білім ошақтары да сәт сайын өзіне сын көзімен қарай алуы тиіс. «Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес, енді ұстаздың ар-намысына тигендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Оқушылар тарапынан өрескел қылық көрсетілсе, оған ата-анасы да қоса жауап береді.

Жалпы мәртебелі және абыройлы ұстаз – қоғам айнасы. Ол айнаға бәріміз жауаптымыз.

- Соңғы кезде БАҚ-та «болашақ жойылатын мамандықтар тізімі» жарияланып жүр. Педагог мамандығының келешегі қандай деп ойлайсыз?

- Өмір, қоғам дамыған сайын соған сәйкес амалдар да, технологиялар да өркендей береді. Осыған байланысты біраз мамандықтың тарих қойнауына кеткені де, кететіні де рас. Немесе мамандық пен кәсіп өзара кірігіп, жаңа сапаға өтіп жатады. Осы ретте педагог мамандығы – адам мен қоғам тұрғанда әрқашан қажетті кәсіптің бірі және бірегейі деп білемін. Рас, ұстазға технологиялар жәрдемге келуі мүмкін. Бірақ тәлімгер адам болмайынша ештеңенің құлпы ашылмайды. Ұстаз, тәлімгер – белгілі бір саланың, кәсіптің кілтін ұстаушы. Өзіме келсем, атам да, әке-шешем де, етжақын туыстарым да – ұстаз болған адамдар. Бәрінің еңбек өтілін қоссақ, 400 жылға жуықтауы мүмкін. Бұл – әрі мақтаныш, әрі жауапкершілік.

Қазақстанда педагог мамандығының келешегі зор деп санаймын. Себебі біздің халықтың білімге деген құлшынысы ерекше. Әлемнің екінші ұстазы, алдағы жылы 1150 жылдығы аталып өткелі отырған Әбунасыр әл-Фараби біздің топырақта өніп өскен. Нақты айтсақ, бүгінде қайта жаңғырған Түркістан өңірінің тумасы. Ұлт даналығының бойтұмары, күні ертең 175 жылдық мерейтойы бәрімізді тағы да береке-бірлікке ұйыстыратын Абай Құнанбайұлы да – ХІХ ғасырдың білім-ғылым шамшырағы. Қазақ елінің ұлы ұстазы! Ұлы даладан осындай әрбірі қайталанбас мыңдаған ұстаздар шыққан. Осы ғұламалардың өсиеті, бүгінгі рухани жаңғыруымыз, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық пен әділет бастамасы – Қазақстан педагогтерінің жаңашыл, талапшыл, серпінді, бәскеге қабілетті толқынын тездетіп тарих сахнасына шығаратынына сенімдіміз.