ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР ҚК 96-бабы 1-бөлігімен айыпты деп танылған Владимир Шуринов 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеуге сотталды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, В.Шуринов бірге тұратын көңілдесімен өз пәтерінде арақ ішіп отырған кезде танысы келеді. Қонағының мұның көңілдесімен бұрыннан байланысы болса керек, соны қызғанған Шуринов танысымен сөзге келеді. Сол мезетте танысы асүй пышағын алып, Шуриновқа секірген. Сотталушы бұдан сытылып шығып, пышақты ұстап алып, қолын қайырып, арқасынан бір рет соққы жасаған. Содан кейін қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізу мақсатында арқасынан жеті мәрте пышақ жұмсаған. Жәбірленуші сол жерде көз жұмған. Бұдан соң Шуринов пышақты пештің ішіне лақтыра салып, өзі оқиға орнынан бой тасалаған.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).