Маск пен Трамптың жанжалынан соң олардың компаниялары акцияларының құны құлдырады

Фото: Francis Chung/POLITICO

АСТАНА. KAZINFORM – Илон Маск пен Дональд Трамп арасындағы жанжал олардың компаниялары акцияларының бағасының күрт төмендеуіне әкелді, деп хабарлайды DW ақпарат агенттігі.

Tesla акциялары бірнеше сағат ішінде 15%-ға – 322 доллардан 275 долларға дейін, ал Trump Media & Technology Group акциялары 11%-ға – 21,8 доллардан 19,3 долларға дейін арзандады. Трамп компаниясы биржада америкалық президенттің инициалдарымен сәйкес келетін DJT тикерімен белгіленген.

Маск әлеуметтік желіде Трамппен «Күніңіз жақсы өтсін, DJT!» деп ирониямен қоштасты.

Жанжалға Трамптың Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуіндегі мәлімдемесі себеп болған.

Президент Масктың үкіметтің ауқымды шығындары туралы заң жобасын сынауына көңілі толмайтынын білдірді. Ол миллиардердің талабы электромобильдерге берілетін субсидиялардың қысқаруымен байланысты екенін шамалады.

Маск бұған қатаң жауап берді. Ол Трамптың сөзін өтірік деп, оның қолдауынсыз республикашылдар сайлауда жеңіліп қалар еді деп мәлімдеді.

Маск Kill the Bill науқанын қайта бастап, 1992 жылғы кештегі ескі бейнені жариялау арқылы Трамптың Джеффри Эпштейнмен болжамды байланысын еске алды. Кейінірек ол жаңа саяси партия құруды ұсынып, X әлеуметтік желісінде сауалнама жүргізді – қатысушылардың 80%-дан астамы бұл идеяны қолдады. Сондай-ақ ол Трамптың отставкаға кетуін және лауазымын вице-президент Джей Ди Вэнске тапсыруын қолдады.

Еске сала кетсек, Илон Маск X әлеуметтік желісінде республикашылдардың заң жобасын қатал сынға алып, оның «нағыз масқара» екенін жазды.