Оның айтуынша, мұндай жобаларды іске асыру барысында бірқатар мәселеге ерекше назар аудару қажет.
Біріншіден, мемлекет қабылдайтын міндеттемелердің басым бөлігі ұзақ мерзімді сипатқа ие. Сондықтан қаржылық есептеулердің нақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету маңызды.
Екіншіден, жобаларды әзірлеу барысында кейбір шешімдердің толық пысықталмауы және келісу рәсімдерінің ұзаққа созылуы жобаларды іске асыру мерзіміне кері әсерін тигізеді.
Сондай-ақ спикер жеке әріптестерді іріктеу кезінде қойылатын талаптар мен тәуекелдерді жан-жақты бағалау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл мәселелер жеткілікті деңгейде қарастырылмаса, міндеттемелердің бір бөлігі мемлекетке жүктеліп, серіктестіктің тиімділігі төмендеуі мүмкін.
Мадина Әжікенова соңғы жылдары инфрақұрылымдық және цифрлық жобаларға басымдық беріліп келе жатқанымен, қолданыстағы жобалар портфелінің едәуір бөлігі әлі де әлеуметтік салаға тиесілі екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай жобалар білім беру нысандарының қолжетімділігін арттырып, жаңа оқу орындарын ашуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік бергенімен, олардың экономикалық қайтарымы өндірістік және инфрақұрылымдық жобалармен салыстырғанда төмен.
— Яғни олардың инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, бюджет кірістерін ұлғайтуға және қаланың экономикалық дамуына қосатын үлесі шектеулі, — деді ол.
Осы ретте комиссия хатшысы қалалық инфрақұрылымды интеллектуалды басқару жүйесі жобасын мысалға келтірді. Оның айтуынша, аталған жоба тікелей бюджет қаражатын бөлуді талап етпей, шамамен 16,5 млрд теңге көлемінде бюджетке түсім қамтамасыз етіп отыр. Осыған байланысты жобаны пайдалануға беру мерзімінің созылып кетуіне жол бермеу қажет.
Сөз соңында Мадина Әжікенова жобалау кезеңіндегі дайындық сапасын арттыруды, жеке әріптестерді іріктеу және бағалау тетіктерін жетілдіруді, қаржылық есептеулер мен ұзақ мерзімді міндеттемелерге бақылауды күшейтуді, экономикалық тиімді жобалардың үлесін көбейтуді, сондай-ақ сараптама жүргізу және келісу рәсімдерін жеделдетуді ұсынды.
Айта кетейік, Астана әлемдегі ең қарқынды дамып жатқан бас шаһардың біріне айналды. Кейінгі бес жылда елордадағы тұрғын саны жарты миллионға көбейген, қоныс аударуға ниетті азаматтардың да қатары артуда. Алайда қала инфрақұрылымы мұндай демографиялық өсімге қаншалықты дайын екенін жазғанбыз.