- Нұрбек Манбетұлы, жарты ғасырлық тарихы бар, елдегі ең беделді білім ордасында жұмыс істеп жатқаныңызға қанша уақыт болды?
- Менің білім беру саладағы еңбек өтілім – 7 жыл. Ал, республикалық физика-математика мектебінде жұмыс істеп жатқаныма – 5 жыл. Мұнда өзімді тек қана ұстаз ретінде емес, сондай-ақ басқа да мүмкіндіктерімді дамытуға әрі білім саласында ерен еңбегі бар ел азаматтарымен жеке танысуға мүмкіндік беріп келеді. Көптеген түлек беделді саясаткерлерге, болашағы зор ғалымдарға және өз саласында жаңалық ашушы кәсіпкерлерге айналғанын білесіздер. Демек, осы қазір мектебімізде білім нәрімен сусындап жатқан талапкерлеріміз де болашақта елімізді гүлдендіретін азаматтар болып шығатынына күмәнім жоқ. Осы мақсатқа жету жолында республикалық физика-математика мектебінің ұжымы қажырлы еңбек етіп жатыр деп нақты айта аламын.
- Оқу форматында өзіндік ерекшеліктер бар ма?
- Әрине. Бiрiншiсі – ұстаздар қауымы. Екiншiсi – математика, физика, информатика сабақтары тереңдетіліп оқытылады. Біз өз кезегімізде мектебімізге балаларын жетектеп әкелген ата-аналардың үмітін ақтау үшін шәкірттерімізге сапалы білім мен саналы тәрбие беруде барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Осы мектепті таңдаған оқушылардың физика мен математикаға деген сүйіспеншілігін арттыру – ұстаздардың парызы деп есептеймін. Мектепте бәсекелестік орта құрылған. Оқушылар өзара жарысып, оқиды.
- «Математика – ғылымдардың патшасы» деген ұғымды біреулер оның күрделілігі деп түсінсе, біреулер кез келгеннің миына қона бермейтіндігімен байланыстырып жатады. Сіз не дер едіңіз?
- Математика – тарихы ұзақ ғылым. Математика адамдарға ой салу арқылы толғандырады, адамдардың ойын жетілдіреді. Басқа ғылымдар да адамның ойын жетілдіреді, алайда кеңдік, тереңдік, жүйелілік тұрғысынан алғанда оларды математикамен теңестіруге келмейді. «Математика ойдың гимнастикасы» деп айтуының себебі осы болса керек. Ендеше, математика ойды зерттейтін, дамытатын ғылым екендігі анық. Математика көп еңбек пен терең ойды кажет етедi. Қабілет пен еңбек болса, қалғаны уақыт өте келе болатын дүние.
- Адам есеп-қисапқа жақын болып туа ма, жоқ бұл жүре келе жаттығатын дағды ма?
- Адамның бәрі өмірге бірдей болып келеді, бірақ тағдыры әртүрлі болып қалыптасады. Адамның құдіреті санасында. Қай саланы алсаңыз да тәжірибенің бәрі еңбекпен келеді ғой. Сондықтан, 20% талант, 80% енбек деп ойлаймын.
- Математикалық амалдар белгілі бір ережелерге сай шешіледі ғой, өмірде қандай адамсыз, әр қадамыңызды есеппен жасайсыз ба?
- Мен бір нәрсені бастамас бұрын бәрін зерттеп білуге тырысамын. Асығыс шешім қабылдамайтын адаммын.
- Ал, оқушыға үйрету тұрғысынан алғанда математика пәнінен сабақ берудің ерекшелігі бар ма?
- Математика – барлық ғылымдардың логикалық негізі, демек математика оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады әрі дамытады. Оқушылардың математикалық білімін көтерудің ең басты шарты – оның пәнге деген қызығушылығын арттыру. Мысалы, жаңа тақырып өткенде ең алдымен алдыңызда отырған әр баланың назарын өзіңізге аударуыңыз керек. Оқушы зер салып тыңдайтындай ету керек. Кейбір оқушы тез қағып, ұғып алса, енді біреуі баяу қабылдайды, осыны да ескерген жөн. Балаларды үнемі жігерлендіріп отыру керек деп есептеймін. Математиканы жақсы бiлген оқушыға баска пәндердi игеру қиынға соқпайды.
- Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Мұғалім мамандығын таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?
- Адам мамандық таңдаудан жаңылмау қажет деп ойлаймын. Себебі, сол таңдаған мамандығы – оның өмір бойы айналысатын жұмысы. Сол сияқты мен де өз мамандығымды таңдаудан еш қателеспедім. Өз сүйікті жұмысыма бар махаббатым мен жігерімды саламын. Кімде-кім өзінің мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен қызмет етсе, өз басына да, қоғамға да мол пайда келтірмек. Мамандығымыз мақсатымыз, мақтанышымыз және болашағымыз болсын дегім келеді. Ұстаз қай уақытта болмасын оқушы көкейінде қалықтап, жүрегіне нәр құюы керек. Сөз соңында айтарым, «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, алдағы уақытта жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде өз үлесімді қоса бермекпін.
- Сұхбатыңызға рахмет!