Математикалық білім түбегейлі сапалық өзгерістерді талап етеді – Т.Рысбеков

Л. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Мемлекетіміздің дамуының экономикалық және қоғамдық-саяси деңгейін анықтайтын маңызды факторлардың бірі - математикалық білім беру

Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, математикалық білім беру - елімізді инновациялық даму жолына алып шығатын маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылады. Осыған байланысты таяуда Астанада өткен Қазақстан Республикасы математика мұғалімдерінің І съезі математикалық білім берудің өзекті мәселелерін күн тәртібіне қойды. Осыған орай М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Тұяқбай Рысбеков өз ой-толғамын ҚазАқпарат тілшісіне былайша баяндап берді.

Ғалымның айтуынша, аталмыш басқосуда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жалпы білім беру сапасын жетілдіруді математиканы оқыту сапасынан бастау керектігін айқындап берді. Бақытжан Тұрсынұлы еліміздегі математика мектептерінің жетістіктерін атап өтіп, нақты шешімдерді талап ететін математикалық білім беру жайына назар аударды.

Министрдің баяндамасын секциялық отырысқа және дөңгелек үстелге жиналған танымал ғалымдар мен мектеп мұғалімдері талқылады. Онда мектеп мұғалімдерінің, ЖОО оқытушыларының және білім беру орындары басшыларының білім беру сапасының, жоғары интелектуалдық стандарттардың мектеп пен жоғары оқу орындарында бірдей болуы туралы көзқарастары бір арнаға тоғысты.

Математика пәні мұғалімдерінің І съезі ұстаз мәртебесін көтерудің қажеттігін тағы бір көрсетті. Мектеп мұғалімдері билік өкілдерімен, профессорлармен, оқытушылармен мектеп математикасы және оны оқытудың әдістемесі туралы мәселелерді талқылауы кезінде мемлекетінің кемел келешегін қалыптастырудағы өзінің рөлін анық сезінді.

Съезде көтерілген мәселелер негізінен мектептегі білім беру жүйесінен бастау алды және оларды шешудің жолдарын қарастырды. Яғни, осынау жауапты іске еліміздің барлық білім беру жүйесіндегі мүдделі топтар тартылғаны дұрыс. Бұл істен, әсіресе, жоғары оқу орындары қалыс қалмауы керек.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылғаннан бастап (1932 жыл) математика пәнінің мұғалімдерін дайындап келеді. Осы уақыт ішінде университет аталған бағыт бойынша мыңдаған маманды оқытып шығарды. Олар өз кезегінде білім беру жүйесі мен ғылымға, сондай-ақ, қоғамның басқа да салаларының дамуына өз үлестерін қосты. Университет өзінің түлегі, атақты математик, ҚазССР ҒА-ның академигі Асан Таймановты мақтан тұтады. Асан Дабысұлы республика ғылымының да мақтанышы. Өйткені, талантты Таймановтың, сондай-ақ оның шәкірттерінің еңбектері Қазақстанда, Ресейде және бұрынғы одақтық республикалардағы математикалық мектептердің дамуына қарқын берді.

Қазіргі жағдайда әлеуметтік тапсырысқа қарай университеттің беделі көптеген факторларға байланысты. Басымдылықтардың бірі сапалы білім беруге қол жеткізу болып табылады. Әрбір университеттің сапа көрсеткіші тәрбиесі мен әлеуметтік бейімділігі бар, шығармашылық қабілетін тәжірибе жүзінде пайдалана алатын, кәсіби білік-дағдысы қалыптасқан түлек болып табылады. Ондай жандар батысқазақстандық оқу орнында да көп. Университетте математика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер республикалық студенттік олимпиадада бірнеше жылдан бері жеңімпаз атанып жүр. Солардың бірі - 3-курс студенті Бағдат Қабасов. Ол соңғы үш жыл қатарынан математика олимпиадасында бірінші орынды иеленді (Түркістан - 2009 ж., Көкшетау - 2010 ж., Орал - 2011 ж.)

Алқалы жиында көтерілген мәселенің бірі - мектеп пен ЖОО байланысы. Педагог кадрларды дайындап отырған республиканың жоғары оқу орындары, соның ішінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да бұл жайтпен жақсы таныс. Университетте бұл мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы өндірістік-практикалық байланыстармен ғана көрініс тауып келе жатқан жоқ. Университет екі жақты келісім негізінде мектепке оқу-әдістемелік көмек көрсетеді. Білім ұяларымен тәрбие және мәдени бағыттарда ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ мектеп оқушыларына студенттермен бірге ғылыми, спорттық және мәдени-көпшілік шараларға қатысуға мүмкіндік беруде.

Үздіксіз математикалық білім беру, «мектеп-ЖОО» жүйесіндегі математикалық білім берудің сабақтастығы мәселесі де съезд барысында айтылды. Мектепте және жоғары оқу орнында математикадан білім беру сабақтастығы мазмұндылық және іс жүргізушілік аспектілерін қамтиды. Көптеген педагогтың пікірінше, сабақтастық негізінен бағдарламалар мен оқулықтар арқылы білім беруді ұйымдастырудың амалы ретінде танылады. Сондықтан мектеп пен ЖОО-дағы білім беру сабақтастығы, алдымен орта және жоғары білім беру мемлекеттік стандарттары сабақтастығының үйлесімділігінен көрінеді. Орта білім беру мекемелерінің бағдарламалары ЖОО-дағы білім беру бағдарламаларының мазмұны мен құрылымына сүйене отырып жасалуы тиіс. Мектеп пен ЖОО оқулықтарының бірлігі көп жағдайда оқу үрдісінің сабақтастығы мен үздіксіздігіне мүмкіндік береді. Мектептегі жаңа буын оқулықтарының жеткіліксіздігі дайындық сапасына кері әсерін тигізуде. Аталмыш мәселенің екінші жағы, бүгінгі таңда әрбір жеке оқу орны өз оқулықтары мен оқу құралдарын шығаруға мәжбүр. Осыған орай жалпы орта білім беретін мектеп түлектерін жаңа буын оқулықтарына дағдыландыруды басты назарда ұстаған дұрыс.

Бүгінгі таңда жалпы білім берудің мемлекеттік стандарттарына сәйкес, оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру қажет. Бұл, біріншіден, болашақ педагог құзыреттілік негізінде сабақ беру технологияларын игереді. Екіншіден, басты құзыреттілікті қалыптастырудың жоғары деңгейін ұсынатын болады.

Болашақ мұғалімдерді дайындау мәселесін шешу жолдарының бірі - білім алушылардың меңгерген білімдерін, шеберліктерін, дағдыларын пайдалануға бейімдеу. Яғни, теориялық және әдістемелік білімдердің қолданбалы мәні болуы қажет.

БҚМУ-да аталған мәселелер бойынша бағдарлама негізінде жұмыстарды жетілдіруден басқа, оқыту семинарлары мен конференциялар өткізіледі. Ы.Алтынсарин атындағы ҰҒА-мен бірлескен білім беру құзіреттілік зертханасы бар педагогикалық орталық ашылды. РФ Білім беруді дамыту федералдық институтының Приволжье филиалымен бірлескен «Құзыреттілік тәсіл - жаңа білім берудің нәтижесі» атты жоба жүзеге асырылуда.

Уақыт көрсетіп отырғанындай, жаңа буынның жалпыға міндетті білім беру стандарты алдымен еңбек нарығына (нақты еңбек қызметіне) бағытталуы керек. Сондай-ақ пәндік және мазмұндық құзыреттілігі оқу үдерісіндегі күтілетін нәтижеге байланысты болуы - бүгінгі күннің талабы. Жалпы және арнайы құзыреттілікті қалыптастырудың бақылау құралдары мен өлшем жүйесін дайындау - кезек күттірмейтін іс.

Осыған орай барлық білім жүйесі салаларындағы математикалық білім, соның ішінде мектептегі білім беру жүйесі түбегейлі сапалық өзгерістерді талап етеді. Сонымен қатар аталмыш өзгеріс ғылыми негізделген және жүйелі болуы керек. Бұл үшін алдымен бүгінге дейін жинақталған тәжірибе мен оны жаңғыртудың нақты қажеттілігінің ерекшелігі мен бірізділігін ескере отырып, елімізде заманауи математикалық білімнің тұжырымдамасын дайындау қажет.

«М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың математика пәні мұғалімдерінің қауымдастығын құру туралы ұсынысын қолдайды. Қауымдастық қызметі математика мұғалімдері мен оқытушыларының тәжірибесі мен ғылыми жетістіктерін біріктіруге мүмкіндік береді деп үміттенеміз», - деп түйіндеді ойын Т.Рысбеков.